Бүгін Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Абдулазиз қажы Закиров бастаған делегация Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына келді. Бауырлас елдің меймандарын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құрметпен қарсы алды.
Алдымен ҚМДБ Төрағасы Қырғызстан мүфтиіне Діни басқарма ғимараты мен ұжымын таныстырды. Мүфтияттағы «Зекет және қайырымдылық» қоры, «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығын, сонымен бірге «MUFTYAT» медиаорталығын бірге аралады.
Бұдан кейін қос елдің мүфтилерінің кездесуінде екі елдің бауырластық қарым-қатынасын нығайтудың маңызы сөз болды. Сонымен қатар діни салада игі жобаларды бірлесе жүзеге асыру жайы талқыланды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бауырлас қазақ-қырғыз халықтары қашан да бір-біріне қамқорлық танытып, жанашырлық ниеттерін білдіріп келе жатқанын айрықша атап өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты байланысты арттыруға уағдаласты. Сондай-ақ баспа, ақпарат, уағыз-насихат т.б. салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
Айта кетсек, 3 қазанда Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы мүфтилер алқасының V мәжілісі өтеді. Мәжіліске Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мүфтилері қатысып, бірқатар құжаттарға қол қоймақ. Бұдан кейін «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді.