Риуаят бойынша Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз үйлерінің біріне кіреді. Ол жерге сахабалары да кіріп, үй лық толады. Соңында Жарир ибн Абдулла әл-Бажли (р.а.) келіп, отыратын орын таба алмай, есіктің аузына отырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің шапанын бүктеп оған лақтырады да:
– Мынаған отыр, – дейді. Жарир (р.а.) оны алып, бетіне басып, сүйіп, жылап жібереді. Сосын қайтадан бүктеп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарай қайта жібереді. Сосын:
– Сіздің киіміңіздің үстіне ешқашан отыра алмаспын. Мені құрметке бөлегеніңіздей, Алла да сізді құрметке бөлесін! – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оңына, солына қарап алып:
– Егер сендерге бір елдің құрметті кісісі келсе, оған құрмет көрсетіңдер! – дейді.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ