Сұрақ: Құрбандық шалғаннан кейін еттің қанша бөлігін өзіңе қалдыруға болады?
Жауап: Құрбандық Алладан сауабын үміт етіп жасалатын амал. Құрбандықтың негізгі шарты – ниет. Ниет дұрыс болмаса, құрбандық жарамсыз болады. Бірақ оның әмірін орындаудағы ықылас пен ниет маңызды.
Құрбан шалу рәсімі айт намазы аяқталғаннан бастап айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғастыруға болады. Құрбандыққа шалынатын малдар түйе – ең аз жасы бестен басталады, сиыр бұқаның жасы – екі жастан, қой-ешкінің жасы бір жастан басталады (егер қой-қошқар ірі болса онда бір жасқа толмағанын да шалуға болады).
Ханафи мәзһабының ғалымдары төмендегі малдар «жарамсыз» деген:
Бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз, құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.
Құрбандыққа шалынатын малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі кедей және мұқтаж жандарға, екінші бөлігі туған-туыс, көршілерге таратылады, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.
Ибн Аббастың риуаятында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін отбасына, үштен бірін мұқтаж көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын» деген. Егер толығымын мұқтаждарға таратамын десе өз еркінде.
Хаж сүресінің 28 аятында: «…Сондай-ақ Алланың өздеріне ризық етіп берген малды белгілі күндерде Алланың атын атап, құрбандыққа шалсын. Сөйтіп, құрбандыққа шалынған малдың етінен өздерің де жеңдер, мұқтажар мен кедейлерге де жегізіңдер!» деген.
Икрам АЙТАЕВ