Сұрақ: Құрбандық етін өзге дін өкіліне беруге дініміз қарсы емес пе?
Жауап: Ислам – «бір мемлекет – бір қоғам» тұжырымын басшылыққа алатын бейбітшілік пен татулық діні. Сондықтан да дінде адамның құқығы оның нәсіліне, тегіне, жынысына, ұлтына немесе сеніміне қарамастан бәріне тең дәрежеде сақталынады.
Мысалы, көрші ақысы, жолаушы ақысы, мүсәпір ақысы, мейман ақысы және сол сияқты т.б.
Байқасаңыз, бұл жерде «мұсылман көршінің ақысы» немесе «мұсылман жолаушының ақысы» деп тұрған жоқ. Жалпы адам құқығы, оның ақысы айтылып отыр.
Егер көрші немесе жолаушы өзге дін өкілі болса, сіз оның ұлтына немесе сеніміне қарамай тиісті ақысын беріп, яғни, жолаушыға көрсетілуі тиіс құрмет пен сыйды көрсетіп шығарып салуға міндеттісіз. Мұндай құқық талаптары мен әдептері дін исламның адамдар арасындағы бір-біріне деген сүйіспеншілкті, достық пен бейбітті насихаттайтынын көрсетеді.
Сіз көршіге, танысыңызға құрбандық етінен беру арқылы олардың дін исламға махаббатын оятасыз. Олар мұсылманның қонақжайлы, меймандос екенін түсінеді.
Пайғамбар да (с.ғ.с.) өзге дін өкілдеріне сыйлық берген. Төмендегі риуаят сахабалардың пайғамбар (с.ғ.с.) үйреткендей өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасын көрсетеді.
Бір күні сахаба Абдулла ибн Әмірдің үйінде құрбандыққа қой шалынады. Сонда Абдулла ибн Әмір:
– Көрші яһудиге (құрбандық етінен) бердіңдер ме? – деп сұрады. Кейін сөзін былай деп жалғастырды:
«Мен пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын естіттім:
– Жәбірейіл маған көршіге жақсылық жасауды көп кеңес бергені соншалықты, көршіні де мұрагерлікке кіргізедіме деп ойлап қалдым, – деді» (Термези).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ