Сұрақ: Құрбан шалу үшін нисаб мөлшеріне жететін байлығың болу міндет пе?
Жауап: Нисап сөзінің мағынасы – «мөлшер». Шариғаттағы мағынасы: «міндет ететін белгілі байлықтың ең аз мөлшері». Құрбандық шалуға күнделікті негізгі қажеттіліктер мен қарыздардан тыс жинаған ақшаның мөлшері ең кемі 85 грамм алтынға тең келетін сомаға жетіп, сол нисапқа бір жыл бойы иелік етуі тиіс. Бұл алтынның граммымен өлшенген мөлшер. Аталған мөлшерге жетсе Ханафи мазһабында құрбандық шалу – уәжіп (міндет) болады. Сол мөлшерге жеткен адам басқада шариғат рұқсат еткен игі амалдар істеуіне болады. Сондай-ақ, әке-шешесінен бөлек кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және өзінің жеке байлығы бар ұл-қыздар да, өз алдына бір құрбандық малын шалуына болады.
Құрбандық шалудың хикметі зор. «Хаж» сүресінің 37 аятында: «Құрбандыққа шалған малыңның еті де, қаны да әсте Аллаға жетпейді, Оған сендерден жететін тек тақуалық қана» деген.
Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбандық шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алланың құзырында үлкен дәрежеге жетеді.Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деп құрбандық шалудың үлкен сауап амал екендігін көрсеткен. Құрбан айт күндері құрбандық шалу арқылы, мол сауапқа бөлене беріңіз!
Икрам АЙТАЕВ