Бүкіл әлемді жоқтан бар қылған Құдіретті де Мейірімді Иеміз жер бетіндегі өмірді сынақ ретінде жаратты. Соның ішінде көз қуанышымыз, жүрек жұбанышымыз болған балаларымыз арқылы да сынайды…
Қасиетті Құранда баяндалған Құрбан шалу құлшылығының тарихына зер салсақ, бұл оқиғадағы ең негізгі ғибрат – махаббат мәселесі. Бұл жерде Ибрахим пайғамбардың жүрегіндегі сүйіспеншілік сезімі сынға түсті. Қартайғанда көрген құлдыраңдаған құлынына бар мейірін төккен, бар махаббатын сол арнаға бұра бастаған пендесіне Жаратушы Хақ «Кімді артық сүйеді екенсің?» деген сынағын, «Кім артық сүюге лайық?» деген сұрағын жіберді. Бұл сынаққа ардақты Елші: «Я, Раббым, негізі сүйіспеншілікке тек Сен лайықсың ғой! Өйткені мені де, балдай тәтті перзентімді де, тіпті жүректегі сүйіспеншілік сезімін де жаратқан Өзіңсің ғой!..» – деп жауап беріп, бізге өнеге көрсетті. Яғни, сүйіспеншілік әуелі Алла Тағалаға бағытталуы керек…
Келесі ғибрат: «Құрбан шал» деген үкімнің мақсаты – пенденің Жаратқан Иесіне толық бойұсынғанын анықтау, тақуалығын тексеру. Әйтпесе Кәмілдік мен Пәктіктің Иесіне мал етінің еш қажеті жоқ! Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес! Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің Жаратушының әмірін «құп алдым, құлдық!» деп орындауымыз, әрекетіміздегі ықыласымыз бен ниетіміз Раббымызға жетіп, разылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді»… («Саффат» сүресі, 107-аят.)
Бұл құлшылықтан алар келесі ғибратымыз: Жаратушы мен пендесі арасындағы және Әке мен Бала арасындағы қарым-қатынастың қандай болуы керектігі. Әрең дегенде, жасы ұлғайған шағында көрген баласын Жаратушы Иесі үшін құрбан етуге дайын Әкенің ғажап иманы мен әкеге бағыну арқылы ұлы Раббысына бой ұсынған Перзенттің керемет әдебі!..
«Құрбан» сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұйырылған құлшылықты орындап – пенде Раббысына жақындайды; Айт дастарханында – ағайын-туыс жақындайды; құрбан малдың етін садақа ету арқылы – мұқтаж бен жомарт жақындайды; нәтижесінде: адамдар арасындағы жанашырлық, сыйластық, мейір-махаббат – мұсылманды Жаратушыға жақындатады! Яғни Жаратушы Иеміздің әмірлерін орындау бізді Раббымызға жақындатып, сый-сыяпатына кенелтеді!..
Адам баласы құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз жақсылықтары мен шексіз нығметтеріне алғыс-шүкірін айтып, күнәларына кешірім тілейді; Ақыретін уайымдап, жақсылық-сауабын арттырады…
Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» («Хаж» сүресі, 28-аят.) Иә, бір анық нәрсе: дүние жүзінде жылына миллиондаған мал сойылады, бірақ бұл сойылған малдың еттерінен мұқтаж жандар мақұрым қалуда. Құрбан айтта осы жағдайы нашар адамдардың жүзіне күлкі үйіріліп, көңіліне сәл де болса қуаныш ұялайды. Ал асыл дініміз адамның көңіліне шаттық сыйлау – парыз құлшылықтан кейінгі ең жақсы амал екенін дәйектейді…
Біз малымызды құрбан ету арқылы – Алла разылығы үшін бар қымбатымызды, тіпті жанымызды да құрбан етуге дайын екенімізді ишаралаймыз. Өйткені «менімізді» құрбан қылмай, Жаратушыға жақындау жоқ! Бұл жайлы Жүнәид Бағдади деген әулие былай депті: «Нәпсілеріңді құрбандық етіңдер. Біле білсеңдер, нәпсі – біз бен Алланың арасында тұратын қалың перде. Өмір нәпсіні «өлтірумен» басталады»… Ал ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына сөзі құлшылықтың құны мен парқын тіпті айқындай түседі: «Намаз – Алладан қорқатын құлдардың құрбандығы…» Осы тұжырымды Құрандағы қиссалар мен Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) үлгі-өнеге сөздерін жыр-дастанға айналдырып, ұрпағына уағыздаған Мәшһүр Жүсіп атамыз «Бес парыз» деп аталатын өлеңінде былай жырлайды:
Жігіттер, «Өнер алды – ғылым-білім» –
Деген жан, құлағың сал: «Ислам – дінім».
Өз еркің өзіңде боп тұрған шақта,
Күнің өтпей тірлікте сайра, тілім!
Бес нәрсе бізге бұйрық бір Алладан,
Ықыласпен қылу керек білген адам.
Кетпейді күн туғанда көзі жастан,
Дүниеде бейпіл босқа күлген адам.
Исламның бес парызы: біреуі – иман,
Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.
Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,
Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған!
Аузыңда болсын дайым Құдай сөзі,
Таймасын қарарлықтан көңіл көзі.
«Бір!» деп, «Бар!» деп илану – бізге парыз,
Ғаламға он сегіз мың патша Өзі!
Екінші, намаз екен – бізге парыз,
Айтпасақ білмегенге бізге қарыз.
Нәпсіні құрбан қылып бауыздасақ,
Құдайға жетеді екен сонда ғарыз…
Иә, нәпсіні құрбан етпей: құлшылық та жасай алмаймыз, дос та бола алмаймыз, туыстың берекесін де сезіне алмаймыз, жардың қадіріне де жетпейміз, адамды сыйлай алмаймыз, тіпті ата-ананы да құрметтей алмаймыз! Құдіретті де Мейірімді Иеміз нәпсісін жеңген Ер болуымызды нәсіп етсін! Алла Тағала шалған құрбанымызды, ықылас-ниетімізді қабыл алып, осы дүниеде де, Ақыретте де бәріміздің жүзімізді жарқын қылғай!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ