Сұрақ: Құранның өзгеріске түсуі мүмкін бе?
Жауап: Алла Тағала Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіне пайғамбарының соңынан еруді нәсіп қылды, сол үшін Құранды бастапқы қалпында сақтап келеді. Жаратушы Алла Құранда: «Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз», – деп Құранды Өз қамқорлығына алғаны жайында хабар береді (Хижр: 9).
Демек, Құран аспаннан түскен басқа кітаптар сияқты өзгеріске ұшырамайды, мәтіндері өзгеріп, басқа мәнге ие болмайды. Алла Құраннан басқа кітапты қамқорлығына алуға уәде бермеген. Керісінше, оларды адамдардың қамқорлығына тапсырған:
«Күдіксіз Тәуратты түсірдік, онда тура жол және нұр бар. Аллаға бой ұсынған пайғамбарлар яһудилерге онымен үкім етер еді. Және Алланың Кітабын қорғауға міндеттендірілген сопылар мен ғалымдар да онымен үкім етер еді. Олар оған куәгер еді…» (Мәида: 44).
Аяттан белгілі болғандай, ол кездегі кітаптардың сақталу міндеті адамдарға жүктелген. Алайда, адамдар кітаптарды сақтауға шарасыз болғандықтан қасиетті жазулар өзгеріске ұшырап отырды.
Құранның басқа кітаптардан айырмасы – мерзімі шектелмеген. Алла Құранды мәңгілік және одан бұрын түскен кітаптарды растаушы әрі қамтушы кітап ретінде түсірді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ