Елімізде ислам тарихына қатысты көне жәдігерліктер аз емес. Соның бір парасын Мемлекеттік Орталық музейде ашылған «Ислам руханияты» көрмесінен кездестіресіз.
Көрме төрінен орын алған экспонаттар мазмұндық ерекшеліктеріне қарай Құран нұсқалары, тәпсірлер, мұхаммадия және мұхтасар кітаптар, діни мазмұндағы литографиялық баспа басылымдары деп бірнеше топқа бөлінген. Мұндағы көрермен назарына алғаш рет ұсынылып отырған бірегей құнды жәдігер – бұрама қағаз түрінде жасалған пайғамбарлар шежіресі. Ұзындығы – 4 м, 45 см құрайтын шежіренің ені – 25 см. Қолжазбада Адам Атадан бастап Мұхаммед пайғамбарды қоса алғанда 25 пайғамбар әулетінің, төрт әділ халифаның және ортағасырдағы сопылық ағымның ұстазы Жәлаладдин Румидің шежіресі қамтылған.
Сондай-ақ көрмеге орама қағаз түрінде жасалған ерекше қолжазба Құран нұсқасы (ұзындығы – 9 м, 50 см., ені – 2,5 см.) қойылған. Құранда 114 сүре мәтіні өте ұсақ әріптермен бөлек-бөлек теріліп, Алла Тағаланың төрт көркем есімі қоса берілген.
Хронологиялық тұрғыдан қарастырар болсақ, қордағы Құранның ең көнесі 1054 һижри/1643 миләди жылдары жарық көрген. Олардың дені Шығыстың көне қалалары Ыстанбұл, Мумбай, Мысыр баспаханаларында, Ресейдің Петербор, Қазан сияқты ірі орталықтары мен Омбы, Орынбор, Ташкент, Самарқан шаһарларының көне баспаларында басылып шыққан.
Көрмеде, әсіресе, Құран Кәрімнің тәпсірлері, дұғалар жинағы, Адам атадан ХІХ ғасырға дейінгі кезеңдерді қамтитын қысқаша тарихи шолу басылымы, музей қорына Мәшһүр Жүсіп Көпеев кітапханасынан келіп түскен мухаммадия кітабы, Мұхамеджан Сералин жазған «Қожалар шежіресі» көпшіліктің қызығушылығын тудырады.
Көне кітаптар көрмесінің ашылу салтанатында Құран кәрімді алғаш рет қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың ұлы Әбдірахим Алтай, тарихшы Өмір Оразұлы, Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры Шағырбай Дүйсенбекұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, дінтанушы Жүзей Аманқұлұлы сөз алып, көрмеге қойылған бірегей жәдігерлердің құндылығы жөнінде ой өрбітті.
Қазіргі уақытта түрлі ағымның жетегінде кеткен жас буынды ислам мәдениетімен сусындатуда осындай шаралардың маңызды рөл атқаратынын атап өткен Мемлекеттік Орталық музей директоры Рашида Харипова, ислам бүкіл адамзаттың рухани кемелденуіне және мәдениеті мен өркениетінің дамуына зор үлес қосқанын, музей қорындағы құнды жәдігерлерге шетелдік ғалымдар мен дінтанушылар айрықша қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.