Сұрақ: Құранмен дем салу бидғат па?
Жауап: Сұраққа тікелей жауап берместен бұрын дем салуға қысқаша тоқтала кетсек. Мұны ислами терминологияда «руқия» деп атайды. Ибн Хажар әл-Асқалани ғұламалардың мынадай үш шарт орындалған жағдайда «рұқия», яғни дем салудың рұсақ етілетіндігіне бір ауыздан келсікендігін айтады:
- Алла Тағаланың кәләмы (Құран аяттары), есімдері мен сиппатары арқылы;
- Араб немесе басқа тілде түсінікті сөздердің көмегімен (ешбір мәні жоқ, түсініксіз сиқыр жасайтын сөздермен емес);
- Тікелей дем салу шипа береді деп емес, шипаны Алланың беретіндігіне сеніп жасау (Ибн Хажар. Фәтх әл-Бари, Х, 206)
Құранмен дем салу мәселесіне келсек, бұл – Пайғамбарымыздың өзі жасап, үйретіп кеткен сүннет істердің бірі. Бұған қатысты келген риуаяттар жетерлік. Жалпы Құран Кәрімнің өзі – толығымен адамның материалдық әрі рухани кеселдеріне шипа. Құранда: «Біз Құранда мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз» («Исра» сүресі, 82), «Уа, адамдар! Сендерге, расында да, Раббыларыңнан насихат, көкіректердегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым келді» («Юнус» сүресі, 57) делінген аяттар бар.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) кейбір сүрелердің және аяттардың шипалық қасиеттерін атап өтіп, өзі де шипа мақсатында оқыған. Солардың бірі әрі көптеген дерттерге шипа саналатын – «Фатиха» сүресі. Ол – «Уммул-китаб», яғни Құранның анасы, негізі. «Фатиха» сүресінің атауларының бірі «әш-Шафия», яғни дерттерге шипа беруші деген сөз. Фатиханың шипалық қасиетіне қатысты Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Фатиха – барлық дертке шипа» десе (Дарими. Фадлул-Қуран, 12), басқа бір хадисінде: «Фатиха сүресі – кәріліктен басқа барша дертке шипа»,– деген.
Пайғамбарымыздың заманында осы «Фатиха» сүресінің емдік қасиетін көрсететін мынадай бір қызық оқиға орын алған болатын. Сахабалар ұзақ жолаушылықтан шаршап-шалдығып бір ауылға келіп, сол жердегілерден өздерін ауылда қонақ етулерін өтінеді. Бірақ, әлгі ауыл адамдары оларды қонақ етуге келіспегендіктен, сахабалар ауылдың шетіне барып орналасады. Бір қызығы сол ауылдың көсемін бір улы жәндік шағып алып, қандай ем-дом жасаса да көсемдерінің беті бері қарамай қояды. Амалдары қалмаған ауыл тұрғындары өздері ауылға кіргізбей қойған сахабаларға барып, көмек сұрайды. Сол кезде бір сахаба: «Мен дем салуды білемін» деп, ауыл көсеміне «Фатиха» сүресін оқып, дем салғанда тайпа көсемінің көзі шайдай ашылып, дертінен құлан таза айығып кетеді (Бұхари, Муслим). Науқастанған адамға «Фатиха» сүресін оқу мұстахаб саналады.
Талха ибн Мусарриф: «Науқастың алдында Құран оқылса, сол арқылы науқасқа жеңілдік болады. Мен Алла елшісі (с.а.с.) науқастанып жатқанда қасына барып: «Бүгін жүзіңіз жайнап, күлкі үйіріліп тұр ғой», – дедім. Сонда пайғамбар: «Бүгін менің құзырымда Құран оқылды», – деп жауап берді», –деген екен (Б. Илесбеков. Құран тағылымы).
Айша (р.а.) анамыз: «Пайғамбар (с.а.с.) ұйықтайтын кезде екі алақанын қосып «Ықылас», «Фәләқ», «Нас» сүрелерін оқып дем үрлейтін. Сосын денесінің қолы жеткен жерлерін сипап шығатын. Пайғамбарымыз ол істі үш рет жасайтын»[1] деген. Екі сахих жинағында келген басқа да риуаятта Айша (р.а.) анамыз: «Пайғамбар ауырып қалған кезінде, ол істі (дем салуды) жасауды маған бұйыратын еді» деген[2]. Тағы бір риуаятта Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісінің денсаулығы нашарлап қалған кездерде мен ол кісіге «Фәләқ» пен «Нәс» сүрелерін оқып дем салатынмын. Алла елшісінің қолдары берекелі болғандықтан өзінің қолымен денесін сипайтын едім» деген (Бұхари, Фәдәилу әл-Құран, 14; Мулим, Сәләм, 50).
Сол секілді науқастың алдында «Ықылас», «Фәләқ» және «Нәс» сүрелерін оқып, дем салу ‒ мұстахаб. Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) жасаған амалдары арқылы бекітілген сүннет.
Алау Әділбаев
[1] Бұхари, 5017-хадис.
[2] Муслим, 2192-хадис.