Сұрақ: Құранды ұстазсыз оқып үйренуге болады ма?
Жауап: Құран оқып үйрену сауапты әрі ізгі амал. Мұсылман баласының Құранды үйренуге, оны жаттауға талпынуы құптарлық іс. Өйткені Құран мұсылмандар үшін канонды яғни, қасиетті кітап. Пайғамбар (с.ғ.с.) Құранды жаттауға, оқып үйренуге жігерлендіріп: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – деп айтқан (Бұһари, Термези). Сондықтан да Құранды үйрену де, оны басқаға үйрету де сауабы мол амалдарға жатады.
Ал енді Құранды оқып үйрену немесе жаттау мәселесіне келсек, онда оны жалғыз емес, ұстазбен оқып үйренген дұрыс. Ұстаз дегеніміз, Құранды араб тілінде, тәужидпен (ережесімен) қатесіз, дұрыс оқи алатын адам. Құранды ұстазсыз ұйрену қиын. Мұның бірнеше себептері бар. Олардың кейбірін атап өтейін:
– Құран тілі, араб тілі. Араб тілінің басқа да шет тілдері сияқты өзінің фонетикалық дыбысталу ерекшеліктері бар. Араб тіліндегі 28 әріптің ауыз, тамақ, кеңірсек қуыстарынан, таңдай, тістердің арасынан шығатын ерекшеліктері бар. Егер дыбыстарды дұрыс шығармай оқитын болсаң, аяттардың мағынасы өзгеріп кету қауіпі тағы бар;
– Құранды араб тілінен оқып үйреген дұрыс. Егер кирил әрпінен оқып үйренетін болсаң, онда Құранды оқуың қате болады. Себебі кирил әріптерінің араб тіліне қарағанда өзіндік дыбысталу фонетикалық ерекшеліктері бар. Кирил әрпінің саны араб тілінен көп болғанымен онда араб тіліндегі кейбір дыбыстар жоқ. Сондықтан да Құранды түпнұсқасында оқып үйренген жөн;
– Алғашқыда қате жаттап үйренсең, кейін оны түзету қиынға соғады. Арабша оқып түзетіп аламын дегенмен, тіл ескі дағдыға түсе береді. Сондықтан да мүмкін болса Құранды басынан араб тілінде оқып үйренген абзал.
– Құранды арнайы мақаммен оқу ережесі бар. Бұл араб тілінде арнайы – тәжүйд деген пән. Құрынды дұрыс оқуды үйрететін ережелер кітабы. Бұл пәнді Құранды дұрыс оқу үшін арабтардың өздері де үйренеді. Бұл пәнді меңгеру үшін ұстаз қажет және т.б.
Бұлай сайып кете беруге болады. Тоғыз сөздің тобықтай түйіні мүмкіндігінше Құранды араб тілінде қатесіз, дұрыс оқи алатын адамнан үйренген жөн. Жоғарыдағы хадис те осыны меңзеп тұр десек қателеспеген боламыз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ