Сұрақ: Дінде барлық нәрсе догма сияқты, барлық заттың өз атауы бар, әрбір амалдың үкімі бар. Ешбір нәрсені өзгертуге болмайды. Сонда Құранды да тек «Құран» деп атауымыз парыз ба әлде басқа да атпен атауға болады ма?
Жауап: Адамдардың арасында жалпы дінге қатысты догмалар жиынтығы деген түсінік қалыптасқан. Алайда адамның ойы барлық уақытта ақиқат бола бермейді. Сол сияқты исламда да үкімдер заманы мен жағдайына сәйкес өзгеріп отырады.
Халық арасында Құран өзінің «Құран» атауымен танылып, тарауы себепті солай аталады. Адам өзінің болмысынан жеңіл әрі қысқа сөзді жақсы көреді. Осы тұрғыдан алғанда «Құран» сөзі жеңіл әрі қысқа бір ғана сөз.
Әйтпесе ислам Құранды «Сүрелер мен аяттардың жинағы» немесе «Сүрелер мен аяттар жинақталған кітап» деп атауға тыйым салмайды. Сол сияқты Құранның «Жүрек парақтарында сақталған мәтіндер» немесе «Тақтайшалар мен қағаз беттеріне өрнектелген нақыш», «Тіл арқылы мақаммен оқылатын дауыс» деп те аталуы мүмкін.
Құран – шындық пен ақиқат ғылымын жинақтаған сөз. Ол – үкімдер топтамасы десек те қателеспейміз. Мысалы, Құранда: «Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді» (Исра: 9) деген аят бар. Осыны негізге ала отырып, Құранды – «Мүміндерге тура жол көрсетуші кітап» деп те атауға рұқсат.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ