Кезекті бір дәрісінде дүниежүзіне танымал шейх Алижан қари Құранның қандай ниетпен оқылу тәртібіне тоқталып өтіп, былай деді:
«Біз Құран оқыған уақытта Алла Тағала бізге разы болып, ол жерді періштелер орап алуы керек. Ал ондай дәрежеге қалай жетеміз? Оның бәрі біздің өзімізге байланысты.
Біз «Құранды оқығанда әрбір әрпінен он сауап болады екен» деп қана оқымай, керісінше үлкен ниеттермен, үлкен мақсаттармен оқысақ, ол мүлдем басқаша болады. Сондықтан хадисте: «Барлық амалдар ниеттерге байланысты» деп келгендей, үлкен ниеттермен оқуымыз қажет.
Ал ондай болса, сол ниеттер қалай болу керек екенін біліп отырайық:
«Біріншіден, Құранды ілім алу және амал жасау ниетімен оқыңыз. Сондай-ақ Құранды оқымас бұрын оған құрмет көрсетіп сүйген абзал болады. Құранды оқығанда, ілімді ниет етсеңіз, Алла сізге ілім береді.
Ал амалды ниет етсеңіз, Алла сізге әрбір аятқа амал етуді нәсіп етеді.
Екіншіден, Құранды һидаят (тура жол) тілеу ниетімен оқыңыз, Алла сізге һидаят береді. Фатиханы оқыған сайын: «(Иә Алла) Бізді тура жолға сала гөр» деп әрдайым оқимыз ғой.
Фатихадан кейін келген ең алғашқы «Бақара» сүресінде:
«Әлиф Ләм Мим» (1)
«Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші» (2) деп келді емес пе? Яғни, Құран – тақуалар үшін тура жол екенін көреміз.
Құран оқығанда һидаятты өзіңізге ғана емес, ұрпағыңызға да, басқаларға да сұраңыз. Алла Сізді себеп қылып, басқаларға да һидаят беріп қояды.
Үшіншіден, Құранды Алла Тағалаға мінәжат үшін оқыңыз. Аллаға жалбарынып, қолыңды жайып барлық дертіңізді, тілегіңізді сұрау үшін мінәжат ниетімен оқыңыз.
Төртіншіден, Құранды Алла Тағала қараңғылықтан жарыққа, нұрға шығарсын деген ниетпен оқыңыз. Әлбетте, Құран кәрімнің бірқанша аяттарында осы жайлы айтылған. Мысалы «Бақара» сүресінің 257-аятында: «Алла (Т.) иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады» деп бұйырады.
Бесіншіден, жүрек дертінен арылу ниетімен оқыңыз. Тастай болып тұрған жүректі жұмсарту үшін, жүректің тыныштық табуы үшін және барлық жүректі азғырушы нәрселерден Алла Тағала ұзақ қылсын деген ниетпен оқыңыз.
Алтыншыдан, Құранды Алла Тағала сізді тілден, көзден, сиқырдан, қызғаныштан келетін мың бір атты бәле, жүз бір атты қатерден сақтасын деген ниетпен оқыңыз. Өйткені дәл сол – Фалақ, Нәс сүрелері сол үшін түспеді емес пе?
Жетіншіден, «Мен ғапыл болып қалмайын» деп, Алла Тағала Құранда: «…Алланы көп зікір етуші ерлер және әйелдер, Алла (Т.) бұлар үшін жарылқау және ірі сыйлық әзірледі» (Ахзаб:35) деп сипаттағандардан болайын деген ниетпен оқыңыз. Яғни Алла мақтаған зікір етуші ерлерден, зікір етуші әйелдерден болайын деу керек. Ал зікірдің ең абзалы – Құран.
Сегізіншіден, иманым артсын деген ниетпен оқыңыз. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Сөзсіз мүміндер; Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, сенімдері артылып, Раббыларына тәуекел қылады (Әнфал:2)» деп бұйырады. Сол себепті мұсылман адам шынайы Алла сөзін оқығанда, иманы артып, бақытқа бөленеді.
Тоғызыншыдан, Алла Тағаланың әміріне сәйке оқу. Ол қайсы әмір десеңіз, Құранды тәжуидпен, мәнерлеп оқу. Алла Тағала Құранда: «Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы» деп бұйырады (Мүзәммил:4).
Оныншыдан, Құранды әрбір әрпінен он сауап бар деген ниетпен оқыңыз. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құран кәрімнің бір әрпін оқыған адамға бір сауап жазылады. Әр сауап он есе болып жазылады. «Әлиф, ләм, мим» бір әріп демейміз. Керісінше, «әлиф» бір әріп, «ләм» бір әріп, «мим» бір әріп» деп айтқан.(Тирмизи)
Он біріншіден, «Мен Құран оқығанда, Құранның шапағатына бөленемін» деген ниетпен оқыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл Құранды оқыңдар. Себебі ол қиямет күні өз иелеріне (яғни, Құранды лайықты түрде оқып, амал қылған кісілерге) шапағатшы болады» дейді (Муслим)».
Алла Тағала баршамызға Құранды ықыласпен оқып, екі дүниеде бақытты болуға жазсын!
Қуат ҚАБДОЛДА