Сұрақ: Құрандағы басты образ кім?
Жауап: Құран – моральді-этикалық құндылықтардың қайнар көзі. Себебі, Құрандағы басты мәселе – адам, оның өмірі, мақсаты мен мәні. Сондықтан Құранда мораль, адамшылық, ахлақ ілімі деген сияқты т.б. адамның материялық һәм рухани дүниелеріне азық беретін құндылықтар баса айтылады.
Құран – адам баласының өмір сүруі тиіс қағидалар мен адам хақындағы талаптар жиынтығы. Құран адамның танымдық мүмкіндіктері мен рухани сұраныстарын баяндайды. Асылы топырақ, кейін тәнге айналған адам, әлемді және ақиқатты тануына мүмкіндік беретін рухани қасиеттерді иеленіп, Құдайдың әуел бастан қалаған образына айналады.
Сонымен қатар Құранда адамның дүниеге келу мақсаты – Аллаға құлшылық жасау екені түсіндіріледі. Сол үшін Құранда адам мен оның өміріне қатысты заңдар мен үкімдер, талаптар мен ережелер, амалдың марапаты мен жазалары баяндалып, барлық нәрсе қамтылған: «Кітапта еш нәрсені қалдырып кетпедік» (Әнғам: 38).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ