Сұрақ: Құранда түйе туралы айтылған ба?
Жауап: Түйе – бір, екі өркешті ірі мал, қазақ халқы үшін мәні зор, мінуге де қолайлы, еті мен сүті құнарлы төрт түліктің бірі. Құран Кәрімде түйе, бұзау, қасқыр, сиыр, піл, жылқы, қой, ешкі т.б. сынды көптеген жануардың аты аталған.
Құранның «Ағраф», «Әнғам», «Хаж», «Ғашия», «Мурсәләт» т.б. сурелерінде «жамал», «ибил», «байр», «будн», «бахира», «нәқа», т.б. түйенің аттары кездеседі. «Ғашия» суресінің 17-аятында «Олар түйенің (ибил) қалай жаратылғанына қарамай ма?!» деген. Алла түйені мысал еткенде оның өзге жануарлардан ерекше жаратылыс екенін айтқан.
Түйенің ерекшелігі: Түйе үлкен, биік, мығым, төзімді жануар. Түйе шөлді-тұзды аймақтардың табиғат жағдайларына бейімделген. Кеудесіндегі, табандарындағы, шынтағындағы, тізесіндегі қажау сүйелдерінің арқасында ыстық жерде, құмда жата алады. Түйе бір күнде 200 литрге дейін су ішеді және ішкен судың ылғалын денеде сақтайды. Түйе аптап ыстықтарда апта бойына сусыз тіршілік ете алады. Түйенің өркешіндегі артық май, азық ретінде пайдалану үшін жиналады.
Алла бүкіл нәрсені адам баласы үшін, соның ішінде жан-жануарды азықтануымыз әрі көлік ретінде пайдалануымыз үшін жаратты. Осы арқылы Алла Өзінің ұлылығын паш етті.
Икрам АЙТАЕВ