Сұрақ: Құран «жанға шипа» дегенді қалай түсінеміз?
Жауап: Пайғамдар (с.ғ.с.) бұған қатысты былай деп айтқан: «Кеудесінде Құраннан басқа еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды» (Термези).
Бұл хадис Құранды оқи білу немесе оны жаттаудың маңызын білдіреді. Үйдің сыртына қарағанда іші маңыздырақ. Егер үйдің іші отбасылық мейірім мен сүйіспеншілік, татулық пен бірлікке толы болса, онда бұл бақытты шаңырақ болғаны. Үй берекелі, ал тұрғындары бақытты. Егер үйдің ішінде татулық пен бірлік, береке-бақыт болмаса, онда үйдің зәулім сарай болғанынан не пайда?! Ол үйдің сырты қанша әшекейлі болғанымен ішінде бақыт жоқ. Демек, үйдің іші аса маңызды.
Сол сияқты адамның да бақытты немесе бақытсыз болуында жан дүниенің орны айырықша. Адамның сырт бейнесіне қарағанда оның жан дүниесі маңыздырақ. Жан дүниесі жарық, рухани бай адамның өмір сүру әдісі басқа. Ондай адам өмірде қарапайым, отбасында бақытты, қоғамда пайдалы. Басына түскен қиындық пен машақатқа мойымайды. Олармен қарсы күресе біледі. Ол әрбір қиындықтың артынан екі есе жеңілдіктің келетінін біледі. Қандай да болсын машақаттың сыйы бар деп түсінеді. Дүние қиындығы Алланың тарапынан келген сынақ, оған сабырлық танытсам, ақыреттік (мәңгілік) сауап бар деген ой оны жігерлендіреді.
Әрине, адам тастан жаралмаған, оған үнемі демеу беретін рухани күш қажет. Бұл күш – оның жаны жараланған уақытта емдейді, жүрегі дертке шалдықса, шипа береді. Бұл күштің аты – Сенім. Құран – сенімнің негізін қалайтын қайнар. Өмірде, отбасында бақытты, қоғамда тату мен бірлікте һәм ақыретте азаптан құтылу жолдары мен әдістері осы Құранда баяндалған. Құран – адамның жанына шипа әрі рухани күш береді:
«Құраннан мүминдерге шипа және рахым түсіреміз» (Исра: 82).
Рухани дүниесі бос, ақыретке сенімі жоқ адам, бір күнімен өмір сүреді. «Менен кейін не болса болсын» деген ұстанымды басшылыққа алады. Өмірде тап болған қиындық үшін қатты уайымға беріліп, қит етсе болғаны сол үшін жаны шығардай күреседі немесе керісінше салы суға кетеді. Себебі оның ертеңгі өмірге сенімі жоқ, жанына шипа мен рухани күші беретін кітабы жоқ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Жауаптарыңыз үшін рахмет. Өзіме рухани азық алдым. Өте әдемі жазылған екен.