Сауда-саттық – шариғатымызда Құран және хадис негізінде бекітілген құқықтық келісім. Құранның бір аятында: «Алла Тағала сауда-саттықты – адал, өсімді арам етті», – десе, басқа бір аятта: «Өзара саудаласқанда куәгер шақырыңдар», – деген. Құранда сауда-саттыққа қатысты осы секілді басқа да көптеген аяттар бар.
Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қай амал жақсы?» деп сұрағанда: «Кісінің өз күшімен еңбек етуі және адалдықпен жасалған (мәбрур) сауда-саттық», – деп жауап берген. Басқа бір хадисте саудада адал, әділ, шыншыл болуды баяндай келе: «Сенімді, шыншыл саудагер Қиямет күні пайғамбарлар, сыддықтар (шыншылдар) және шейіттермен бірге болады», – деп сүйіншілеген.
Сауда-саттық адамдардың қажетін қанағаттандыру және пайдаға кенеліп, мал-мүлікті қиындықсыз айырбастау үшін заңдастырылған. Сондай-ақ пайданы арттырып, зиянды азайту үшін сауда-саттық барысында келеңсіздік болмайтындай жүйе түзіп, тиісті шарттар қойған. Бұл шарттар келісуші тараптарды, сауда-саттық келісімін, сатылатын тауарды және ақшаны қамтиды.
Саудаласушы екі тарапқа қойылатын шарттар. Саудаласушы екі тарап ақыл-есі дұрыс болуы керек. Жынды адамның, ақылы кем, оң-солын танымаған жас баланың сауда келісімі дұрыс болып саналмайды. Себебі балаға немесе жынды адамға екінші тарап алдап-арбау арқылы зиянын тигізуі мүмкін.
Сауда-саттық келісіміне қойылатын шарттар. Саудасаттық келісімі ижаб және қабулдан тұрады. Ижаб және қабул шарттары сауда-саттық кезінде қолданылады. Бұл – екі тараптың келісімге разы болғанын білдіретін сөз. Ижаб (ұсыныс) сатушыдан не сатып алушыдан болуы мүмкін. Мысалы, «мен мына затты сатамын» немесе «мен мына затты сатып алайын» деген сияқты сөздер арқылы ұсыныс жасалады. Қабул (қабылдау) дегеніміз ұсынысқа келісу. Мысалы, «саттым», «сатып алдым», «қабыл еттім» деген сияқты келісімді білдіретін сөздер арқылы сауда жасалады.
Сатылып жатқан тауарға қойылатын шарттар. Сатылып жатқан тауар бар болуы керек. Қолда жоқ нәрсе сатылмайды. Мысалы, енді туатын сиырдың төлі немесе келесі жылы өнім беретін жүзімді сатуға болмайды. Өйткені сиыр жоғалып кетуі немесе туған жағдайда да төлі өліп қалуы мүмкін. Жүзім өнім бермеуі немесе жеміс бергеннің өзінде жемісі жарамсыз, келіскен мөлшерден аз не көп болуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде алдау бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) енесінің ішіндегі төлді сатудан тыйған.
Бағаға қойылатын шарттар. Тауардың бағасы белгілі болуы керек. Егер төлем хиуала (біреу орнына төлейтін болса) арқылы болса, оны да ескертіп қою керек. Сондай-ақ егер ақшасын кейін беруге келіссе, қанша уақытта қайтаратынын және ақшасын беретін күнін анықтап айтуы керек. Егер муқайада (тауарды тауарға сату) саудасы болса, ақша орнына белгіленген тауардың сипаттары анық белгілі болуы керек.
Сауда-саттық келісімі дұрыс жасалса, ақша – сатушының, тауар алушының иелігіне өтеді. Бұл жерде, келісім бойынша, екі тарап бір-біріне тауарды және құнын табыстау қажет. Бірінші тауарды беріп ақшаны алуға да, ақшаны беріп, тауарды алуға да болады. Екі жағдай да шариғатқа сай әрі адамдарға да үйреншікті.
Егер сауда-саттық құны кейін төлеу шартымен келісім жасалса, алушы тауарды қашан талап етсе, сатушы сол кезде табыстауға міндетті. Ал төлем уақыты келгенде сатушы да өз ақшасын талап етуге құқылы.
Сауданың адал болуы шарт. Сол себепті ұрланған, шариғатта тыйым салынған затты сатуға әрі алдап-арбап сауда жасауға болмайды. Мұсылман адамның шариғат тыйған арақ, өлексе, шошқа сияқты заттарды сатуы, сатып алуы дұрыс емес. Жәбирден (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала арақты, өлексені, шошқаны, пұттарды сатуды харам етті», – деген. Мұсылман адамның арам заттарды сатып алуына, тіпті мұсылман емес адамға сатуына да болмайды.
Төменде шариғат бойынша кейбір сауданың тыйым салынған түрлеріне тоқталып өтсек:
Тауардың кемістігін жасырып, алушыға мінсіз етіп көрсету. Тауардағы кез келген көзбояушылық қиянат болып есептеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім көзбояушылық жасалса, алдаса, бізден емес», – деп қатаң ескерту жасаған.
Таразыдан және өлшемнен жеу. Таразыда дұрыс өлшеу және сатып алушының толық ақысын беру – парыз. Ал оны кемітіп беру, сол арқылы адамдардың ақысын жеу – үлкен күнәға жататын арам амал. Алла Тағала таразыдан жеушілерді тозақпен және ауыр азаппен ескертіп былай деген: «Таразы мен өлшеуіштен жеп, елді алдайтын жандардың жағдайы қандай өкінішті! Олар өздері бір нәрсе сатып алғанда, өзге адамдардың зиянына таразыны (өлшеуішті) лықа толтырып артығымен өлшейді. Ал өздері бір нәрсе сататын болып, басқалар үшін өлшеп, тартқанда, керісінше, кемітіп өлшейді және кемітіп тартады. Сонда олар өлгеннен кейін қайтадан тірілетінін ойламай ма?! Ұлы күн үшін (қайта тірілетініне сенбей ме?!) Сол күні барша адамзат күллі ғаламның Раббысының құзырында есеп беру үшін қабірінен түрегеледі», – деген. Мұсылман адам таразымен өлшеуде әділ болуы, тіпті өлшегенде кішкене асырып беріп, алған кезде дәл алғаны абзал.
Нәжаш (баға көтеру). Тауарды алуға өтірік құштарланып, басқаларды да қызықтыру арқылы тауар бағасын әдейілеп көтеру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл нәрсеге тыйым салып: «Өтірік сауда жасаспаңдар», – деген.
Сауда үстіне сауда жасау. Бұл сауданың көрінісі екі тарап (сатушы мен сатып алушы) тауар құнына келіскеннен кейін үшінші біреу келіп сатушыға келісілгендей немесе одан жоғары құн ұсынады. Бұл істе адамға зиян келтіру және көңілге қаяу салу бар. Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Алла елшісі сауда керуеннің алдынан күтіп алуға және мұсылман бауырының саудасының үстіне сауда жасауға тыйым салды», – деген.
Керуеннің алдынан күтіп алу. Ауылдан немесе басқа қаладан тауар алып келген кісілерді қалаға кірмей тосып алып, тауарларын сатып алу. Абдулла ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Керуенді алдынан тосып алмаңдар және білмейтін адамға алдап сатпаңдар», – деген.
Жұма намазына азан айтылған уақытта сауда жасау. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу (құтба тыңдап, намаз оқу арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ. Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса (күнделікті бес уақыт намаз һәм басқа да құлшылықтар арқылы) Алланы көп еске алыңдар, сонда (екі дүниеде де азаптан әрі қор болудан) құтылып, мақсатмұраттарыңа жетерсіңдер», – деген. «Фатху әл-қадир» кітабында: «Бұл аят азан айтылғаннан кейінгі уақытты жұманың құрметіне намаз уақыты еткен секілді. Егер сатса немесе сатып алса, саудасы дұрыс, бірақ сол уақытта болғандықтан, күнә алады», – деп келеді. Намаздан соң сату және сатып алу рұқсат. Аяттың жалғасы осыған дәлел.
Ихтикар (монополия). Саудагерлердің азықтүлік азайған кезде сатып алып, тауардың одан сайын азайғанын күтіп, ұстап отыруы. Нәтижеде зат бағасы қымбаттайды. Бұлай жасау адамдарға зиян келтіргендіктен, арам болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күнәһар адам ғана ихтикар жасайды», – деген.
Саудамен айналысатын саудагер жоғарыда айтылған сауда-саттықтың әдеп-шарттарына мән беріп, арам, мәкруһ болған сауда түрлерінен аулақ болуы керек. Сауда шариғатқа сай, адал жолмен жасалса, берекелі және нәпақасы адал болады. Алла Тағала баршамыздың нәпақасын адал табатын пенделер қатарынан болуымызды нәсіп етсін! Әмин!
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №7, 2024 жыл