Мысырда оқып жатқан өзбекстандық он қирағат иесі Бекназаров Әлижан қари ұстазы шейх Мисуах әш-Шарқауйдан ижаза аларда естіген өсиетін былайша әңгімелеп берді:
«Ұстазымнан ижаза аларда, әдеттегідей ол кісі өсиет айтып: «Әй, Ғали! Егер нағыз қари боламын десең, жаттаған Құраныңды тәһажжуд намазыңда қайталап тұр. Бес уақыт намаз, уирд қылған намаздардыңда қайталауың оған жатпайды. Жастық шағыңды ғанимет біл.
Мен жас кезімде әр түні тәһажжудке тұрып, 14 пара Құран оқитынмын. Қазір жасым егде тартып, 4 пара ғана оқитын болдым. Сондай-ақ ауызың бос уақытта салауат көп оқитын бол» деп насихат айтқанда, ұялып кеттім. Сол кезде шейх 76 жасқа келген еді.
Шейхтың ықыласын байқап әрі әңгімеге тарта бастадым. Содан кейін шейх өз басынан өткен мына оқиғасын айтып берді:
«Жасым 60-қа толарда бір түні, тәһажжуд намазымда Раббымнан осы жылы жұбайымды қажылыққа бірге ертіп баруды нәсіп ете гөр» деп көп дұға еттім. Кейін құжаттарымды Мысыр қажылық бөліміне, арзанға апаратын қайырымдылық мекемесіне «қурғаға» (жеребе) түсуге тапсырдым. Бұл жолдама еліміз бойынша өте аз адамға ғана нәсіп болатын. Жеребе өтіп, біз таңдау тізіміне ілінбей, керісінше бейнамаз, намазын ара-тұра оқитын көршім сол тізімге өтіпті.
Сол түні тәһажжудке тұрып, көп мінәжат жасап, былай деп дұға еттім:
«Иә, Раббым Алла! Мен Сенің ризалығың үшін қаншама жыл Құраннан сабақ беріп, қаншама жыл тәһажжудте тұрғанымды білесің. Биыл 60-қа толғанда жұбайыммен бірге үлкен қажылыққа барғым келген еді. Жеребеден бейнамаз көршім де өтіпті. Иә, Раббым, егер менің құлшылығымда, мінез-құлқымда бір кінәрат болса, маған көрсетші. Мен соны жөндеп, Сенің ризашылығыңа бөленіп, қажыға барайын» деп жылап сұрадым. Содан соң Пайғамбарымызға (с.а.с.) 20 мың рет салауат айтып ұйықтап кеттім.
Түсімде Расулалланы (с.а.с.) көрдім. Маған жымиып қарап тұр екен. Содан соң маған: «Адам баласы асығушы болып жаратылған» деп келген «Әнбия» сүресінің 37-аятын оқыды да: «Сен асықпа, таяу арада қажыға барасың» деп айтты. Арт жағында төрт адам тұрғанын көрдім. Төрт шәһарияр достары ғой деп ойладым. Оянған соң, түсімді жақсылыққа жорып қойдым.
Біраз күн өтенде, мен Ибраһимия мешітіне сабақ беруге жолға шығып кеткен едім. Біздің үйге Саудиядан бір адам маған телефон соғыпты. Менің жұмыста екенімді естіп, түстен кейін хабарласайын депті.
Жұмыстан келгенде, ол адам менімен сөйлесіп, өзінің мемлекеттік қызметтегі адам екенін, өзінің уақыты тығыз болғанын айтып, бір аптаға маған келіп, қирағаттан емтихан тапсырып кетуін өтінді. Уәделескен уақытта әлгі адам келіп, бір аптада маған қирағаттан емтихан тапсырып, ижазасын (рұқсат құжатын) алып кетті. Қайтар алдында ұлымнан жұбайым екеуіміздің құжаттарымыздың көшірмесін алып кетіпті.
Үш күннен кейін Мысырдағы Сауд елшілігі бізге телефон соғып, жұбайым екеуімізге тегін қажылыққа шақыру қағазы келгенін айтып хабарлады. Біздің қала Каирден 300 шақырымда орналасқан. Арапаға аз күн ғана қалған болатын. Ал Сауд Арабиясы шет елдерден қажыларды қабылдауды тоқтатқан мезгіл. Ешбір ұшақты да, кемені де қабылдамайтын уақыт. Сөйтсек, Мысырдағы Саудия елшілігінің ұшағы бар екен. Жұбайым екеуімізді сол ұшаққа отырғызып апаратын болды.
Біздің қажылық – бейне бір «Сауд Патшасы шақыруымен» барған қажылық сияқты болды. Қажылыққа келгеннен бастап 4-5 адам бізді күтіп алып, ең жақсы қонақ үйге түсіріп, аяғымызды жерге тигізбей алып жүрді. Керек десеңіз, Қағбаға да күзетпен апарып, Хажарал асуадты (қара таста) емін-еркін сүйгіздірді.
Қажылық парызын өтеген соң, Мәдина қаласына апарып, Раузада алаңсыз намаз оқуымызға мүмкіндік жасады. Кейін бізді тегін қажылыққа шақырған адам бізбен жолықты. Менен қирағаттан ижаза алып кеткен адам екен. Мен одан: «Сіз осы мемлекеттің басшыларынан боласыз ба?» деп сұрадым. Ол адам: «Жоқ, мен мемлекет басшыларынан емеспін. Қарапайым азаматпын, әл-Рияд қаласындағы әуежайдың директорымын» деп жауап берді. «Мен туралы қайдан білдіңіз?» деп сұрадым. Ол адам: «Сізге келген Зат иесі, маған да келген еді» деп жауап қайтарды.
Мен сол кезде ғана Расулалланың (с.а.с.) менің түсіме кіріп, сүйінші берген түні, бұл адамға да түсіне кіріп, менен қирағаттан ижаза алып, мені қажылыққа жіберуімді тапсырғанын білдім. Аллаға сансыз шүкір айтамын!» деп әңгімесін аяқтады.
Шейхтың өсиетін, ғибратты әңгімесін естіп отырып, көп тәлім алдым. «Ықылас» дегеніміз осы екен ғой!
Қаншама жыл тәһажжуд намазында он төрт пара Құранды, Құранның Иесіне оқып беруді екінің біріне Алла нәсіп етпейді.
Алла баршамызға, ұрпағымызға Құранды махражбен, тәжуидпен оқып, қирағатпен жаттап, соған амал жасауымызды нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА