Сұрақ: Жас балалар көбіне бір-біріне «Құран ұрсын!» немесе «Нан ұрсын!» деп ант ішіп жатады. Бұлай сөйлеу қаншалықты дұрыс?
Жауап: Құран – бізге тура жолды көрсеуіші Кітап, ал нан – нығметтің бастауы, ас атасы.
«Құран ұрсын!» сөзіне келсек, осы уақытқа дейін Құран ешкімді жазалаған жоқ, оны дұрыс оқыған, түсінген адамды жолдан шығарған да емес. Құран – тура жолға салады, түзейді, адасудың алдын алады. Мұсылманды тақуа қылады, оларға шипа береді және мейірім төгеді;
«Құраннан мүміндерге шипа және рахым түсіреміз» (Исра: 82).
«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады…» (Исра, 9):
«Саған Құранды машақат үшін түсірмедік» (Та Һа, 2).
Құран адамдарды ұратын, соғатын, жазалайтын емес, тура жолға бастайтын Кітап. Сол үшін ислам «Құран ұрсын» деген сияқты ант сөзін құптамайды. Мұны жастарға түсіндіріп жеткізу қажет.
Ал енді «Нан ұрсын!» сөзіне келейік. Нан – береке, барлық тағамның ортақ атауы. Сондықтан бұл нығметті азап пен жаза құралына айналдыру қате. «Нанның киесі ұрсын!» немесе «нанның қасиеті ұрсын!» деген сияқты сөздер де осылардың қатарына жатады. Бұлар ақылға қонымсыз әрі дінде негізін жоқ сөздер. Ислам мұндай ант сөздерін жараипайды, мағынасыз және пайдасыз деп санайды.
Жалғас САНДЫБАЕВ