Сұрақ: «Хадистің қажеті жоқ, бізге Құран жетеді» деушілерге не айтуға болады?
Жауап: Расында: «Құранда бәрі жазылған, хадистің қажеті жоқ!» деп ойлайтындар да бар. Әдетте оларды «Құраншылар» деп атайды. Бұлай деушілерге мынадай сұрақтарды қойсаңыз дұрыс.
Мысалы, таң намазы парызының екі рәкаттан тұратыны Құранның қай жерінде жазылған? Бесін, аср және құптан намаздарының парыздары төрт рәкаттан, ақшам намазының парызы үш рәкаттан тұратыны қайсы аятта көрсетілген? Намаздың оқылу тәртібі Құранның қайсы жерінде бар? Намаздың қай уақытта оқылатыны Құранда айтылған ба? Бесін және аср намаздарының сүрелерін дауыстап емес, жасырын (іштей) оқу керектігі Құранда көрсетілген бе?
Мұндай сұрақтар өте көп, бұлар тек жалпы намазға ғана қатысты. Сонда өмірді қамтыған дін исламның барлық салаларын алар болсақ, адам ғұмырының соңына дейін сұрақ қоюмен өтеді.
Исламда тұнып тұрған амал-әрекеттердің барлығы сүннетте (хадисте) қөрсетілген десек артық болмас. Оларды орындау тәртіптерін пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі мен сүннетінен үйренеміз.
Алла пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран Кәрімді жіберумен ғана шектелмеді. Оған кейбір істерге тыйым салуға, ал кейбір істерді орындауға әмір ету уәкілеттігін берген.
Егер біреу:
– Жарайды ал, бұл Құранда бар ма? – деп сұраса,
– Иә, бар – деп мына аятты оқып берсе болады:
«Сендерге пайғамбар не берсе алыңдар да, не нәрседен қайтарса, одан тыйылыңдар әрі Алладан қорқыңдар!» (Хашір: 7).
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы аят мағынасына келетін мынадай хадисін айтқан: «Сендерге бір нәрсеге байланысты тыйым салсам, одан аулақ болыңдар! Ал бір нәрсені жасауға бұйырсам, оны күштерің жеткенше орындаңдар!» (Бұһари, 7280: Мүслим, 1337).
Пайғамбардың үмбеті үшін айтқан өсиеттері мен кеңестерін оның хадистерінен оқып, діни таным мен білімімізді толықтырамыз. Сол үшін хадистерді Құранның түсіндірмесі деп те айтады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ