Сұрақ: Деструктивті діни ағым өкілдері «Құран жиһад (қасиетті соғыс) жасауды насихаттайды» дейді. Осы рас па?
Жауап: Құран – мұсылманның бұл дүниесін һәм ақыретін қамтыған қасиетті кітап. Егер Құран мұсылман үшін бейбіт өмірді емес, деструктивті ағым өкілдері айтатындай шынайы соғысты (жиһадты) насихаттайтын болса, онда оның ішінде жиһадтың айла-тәсілдері, зорлық-зомбылықтың мысалдары, тарих бойында өткен көптеген мәдениеттер арасындағы ұрыстардың сырлары баяндалар еді.
Сол сияқты егер Құран соғысты дәріптейтін болса, онда оның мазмұны жиһадқа шақыру әдістері мен қанша адаммен соғысқа шығуға рұқсат екенін, қандай уақытта жиһад басталатынын, соғысқа жігерлендіру және т.б. жиһадқа қатысты мәселелерді толық қамтуы тиіс.
Бірақ, Құранда біз мұндай көріністі көрмейміз. Керісінше, Құран адамдарға бейбіт өмір мен сүйіспеншілік туралы айтады. Мұнда біз ғибратты қиссаларды, үлкенге құрмет кішіге ізет, отбасы мен туған-туыс қатынасын, дүние құрылымы мен өмірдің мазмұны, қайырымдылық жасау, жақсылыққа шақыру, бұзықтықтан қайтару, көрші ақысы, ата-анаға бойсұну сияқты т.б. ізгілікке шақырған дүниетанымды көреміз.
Құран – соғысты емес, Адам мен Хауа анамыз, Жүсіп пайғамбармен мен Злиха, Мұса пайғамбар мен Қызыр, Сүлеймен патша мен Бәлқис, Ибраһим пайғамбар мен Ысмайыл сияқты т.б. көптеген ғибратқа толы қиссаларды баяндайды. Адам осыларды оқысын, ғибрат алсын, мазмұнды ғұмыр кешсін дейді.
Сондықтан да Құран қатыгездікке, соғысқа шақырады деп айту шындыққа жанаспайды. Әдетте мұндай қате ақпаратты дін исламға жала жабуды көздеушілер немесе дінді дұрыс білмейтін жастарды бүлікке, ұрыс пен қақтығысқа шақыруды көздеген азаматтар айтуы әбден мүмкін.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ