Сұрақ: Құран қалай «шапағатшы» болмақ?
Жауап: Расында Құран Кәрімнің көптеген ерекшеліктері бар. Мысалы, Ибн Масъуд (Р.а.): «Егер білімді қаласаңдар, онда Құранды оқыңдар. Күмәнсіз, оның ішінде бұрынғылар мен кейінгілердің білімі бар», – деп айтқан. Құран қиямет күнінде шапағатшы болатыны нақты риуаяттар бар. Бірақ, ол үшін адам да соған лайық болуы тиіс. Құран кез келген адамға шапағатшы болмайды. Құранды жиі оқыған, оны жаттаған немесе қолынан келгенше Құранға сәйкес амал қылған пенде болуы қажет. Бұған қатысты мына риуаятты келтірсек болады:
Ән-Науас ибн Сумған (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Қиямет күнінде Құран мен оның жұртын және дүниеде онымен амал қылған адамдар алып келінеді. Сонда Бақара мен Әли Имран сүрелері оларға араша түседі», – деп айтқанын есіттім» деген риуаятты жеткізеді (Мүслим).
Сонымен қатар құран тек қиямет күнінде емес, қабір азабынан да шапағатшы болатыны жайында хабарлар бар. Мысалы, ұрыстардың бірінде Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) сахабасы бір орынға шатырын тігеді. Шатырда жатып, жер астынан адамның:
«Бүкіл билік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші» – деген Құран оқушының дауысын естиді. Ол дереу Алланың елшісіне (с.ғ.с.) келіп:
– Мен жер астынан «Бүкіл билік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші», – деп Құран оқыған адамның дауысын есіттім – дейді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) оған:
–Ол, сол қабір иесінің дауысы. Оның «Мүлік» сүресін оқуының себебі, бұл сүре адамды Алланың азабынан сақтайды – деп жауап береді.
Бұл риуаятан көргендей Құрандағы әрбір сүренің және аяттардың өздеріне тән қасиеттері бар. Егер адам Құранды өзіне шапағатшы болуын қаласа, онда оны өзіне дос тұтуы лазым. Дос дегеніміз Құранды жиі оқып, онымен танысып, егер оқи алмаса, онда дұрыс оқып үйренуге талпынған пенде. Сен Құранмен қаншалықты дос болсаң, ол да сенімен соншалықты дос деп білген дұрыс.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ