Сұрақ: Бізде Құран оқып емдейтіндерге, Құран арқылы жолды ашып беретіндерге сенуге бола ма?
Жауап: Құран – адамның жанына дауа, дертіне шипа. Құран аяттарымен адамның өзіне дем салуын шариғат рұқсат етеді. Ауруға шипа болатын Құран сүрелерімен және пайғамбарымыз (с.а.у.) үйреткен дұғалармен Құран ілімдерін үйренген адам дем салуына болады. «Исра» сүресінің 82-аятында «Біз Құраннан мүминдерге шипа және рахмет түсіреміз…» деп шипа мен ем болатынын айтқан.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер Алланың құлдарының бірі қайғыға тап болып: «Расында, біз Аллаға тиесіліміз және Аллаға қайтарыламыз! Я, Алла, менің қайғымды сауапты ет те, маған одан жақсысын бер!» десе, Алла Тағала міндетті түрде оның қайғысы үшін сауап жазады және оған одан да жақсысын береді» деген.
«Талақ» сүресінің 3-аятында «Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті. Алла бұйрығын міндетті түрде жүзеге асырады» делінген. Адам белгілі бір істі бастағанда өзіне ғана сеніп кетпей, «Я, Құдіретті Алла! Міне, мен қолымнан келген әрекетті жасадым, ендігі нәтиже сенің қолыңда, сен сәттілік берсең, ісім оңға баспақ» деп, Аллаға тапсыруы тиіс.
Адамның өмірінде қиыншылықтардың көп болуын «жолым жабылып қалдыға» балап, көңілге уайым ұялатқан тығырықтардан шығудың оңай жолын іздеп, бұрыс жолды кәсіп еткен дүмше молда, бақсы, тәуіптерге жүгініп қатеге бой алдырамыз. Ризық-несібенің, жақсылықтың көзі бір Алланың құзырында екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Икрам АЙТАЕВ