Мұсылман бір кісі күнде азанда ерте тұрып Құран Кәрімді үнемі жүзінен оқушы еді. Бірақ еш жаттай алмайтын. Бір күні кіші баласы әкесіне келіп;
– Әкемшім, мен ес білгелі бір сүре болсада жаттамадыңыз, тек үнемі Құранды жүзінен оқып отырасыз. Мұның бір пайдасы бар ма? – деп сұрайды. Сонда әкесі;
– Балам, мен саған сұрағыңның жауабын кейін айтамын. Алдымен мына көмір тасып жүрген тоқылған қоржынмен өзенге барып су алып кел, деп тапсырма береді. Баласы да оған;
– Әке, бұл қоржынмен су әкелу мүмкін емесқой, дейді. Сонда әкесі де,
– Әуелі сен барып су алып кел, соңында не боларын көрерміз, дейді.
Бала да көмір тасып жүрген қоржынды алып, өзенге кетеді. Өзеннен су алып шыға бергеннен-ақ, қоржындағы бар су ағып кетеді екен. Сөйтіп бір емес, бірнеше мәрте қоржынмен су алып көреді. Бірақ еш нәтиже шықпайды. Бала әкесіне қайта келіп,
– Әкешім, қоржынмен су алып келу мүмкін емес екенін сіз менен де жақсы білесізғой, дейді. Әкесіде көркем сабырлықпен;
– Балам, қоржыннан бір айырмашылық байқадың ба? – дегені сол-ақ еді, баласы да «иә, әкешім» көмір тасып жүрген қоржын тазарып қалыпты, дейді. Әкесі де;
– «Мінекей балам, бұл қоржынмен еш уақытта су таси алмайсың, бірақ көмір таси-таси қарайған қоржынды суға қайта-қайта толтырып шыққан сайын бір тазарып қалғанын байқадың. Дәл сол секілді адамның дүниелік істермен, нәпсінің қалауларын орындаумен кірлеген жүрегі де, рухы да Құранды жаттамаса да қайта-қайта оқу арқылы да тазарады. Әлгі тоқылған қоржынды судың тазартқанындай. Сондықтан балам, Құран Кәрім жүректің тазалаушысы, қорегі һәм шипасы. «Құранды жаттамаған соң, оны оқудың не пайдасы бар?» деген лағнеті шайтанның ойынан, азғыруынан аулақ бол», – деп өсиет еткен екен.
Алла Тағала: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді», (Юнус сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз», (Исра сүресі, 82-аят) – деп сүйіншілейді.
Иә, Құран оқылған, оған амал етілген үйде Алланың берекеті орнайды. Ардақты пайғамбарымыз да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар…» деп өсиет еткен. Өйткені, Құран оқу – көңілдің шипасы.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ