Қасиетті Рамазан айының құрметіне Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде «Құран – мұғжиза» тақырыбында жамағат арасында Құран оқудан жарыс ұйымдастырылды.
Мешіт жамағатының үлкен-кішісі бақ сынап, асыл дініміздің діңгегі Құран Кәрімнің отызыншы парасын жатқа, сондай-ақ, көркем де мағыналы оқуға тырысты.
«Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында тек сауапты істер ғана емес, танымдық-тағылымдық шаралар өткізген де абзал. Отыз күн ораза ұстап нәпсіден тиылған жұрт Құран айында оның мағынасына терең үңіліп, мынаның дүниенің сырын ұғынуға құлшынуы керек. Бүгінгі жарысқа жамағат өкілдері белсене қатысып, Құран Кәрімді қадіріне жете оқыды. Дін насихатпен тарайды. Шақыруымызды қабыл алып қатысқандарыңызға Алла Тағала разы болсын» деді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қ.Абдалиев.
Жарыстың соңында жеңімпаздар анықталып, мешіт атынан жүлделер тапсырылды. 100,000 теңге көлеміндегі жүлде І орын алған Бақытжан Өскінбайұлына берілді. ІІ орынға Палуанмұрат Сейтмуратов лайық болып, 70 мың теңге жүлде алса, ІІІ орыннан көрінген Бейбарыс Қияшқа 50 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды.