Әлеуметтік желіде “Құралай ханым” есімімен танымал болған коуч-тренер қыз-келіншектердің арасында болатын басты мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ адамның жан дүниесін тыныштандыру үшін қандай принциптер мен амалдарды қолданғанын KAZISLAM порталына айтып берді.
– Құралай ханым, сіз бірнеше жыл бойы психология ілімін оқып зерттеп келе жатырсыз. Адамның жан-дүниесін түсінуге қызығушылық неден туындады?
– Психология ілімін 2000-жылдардан бастап оқып келемін. Өзімнің өмірдегі сұрақтарыма жауап таба алмай, қиналып жүрген сәтімде адамның жан ілімін зерттеуге қызығушылығым артты. Осылайша әртүрлі танымал психологтардың еңбектерін оқу арқылы отбасылық, ерлі-зайыптылардың арасында болатын кикілжіңдердің шешімін таптым.
Алғаш бизнесті бастаған кезімде бизнес-тренерлердің бірі Брайан Трейсидің семинарларына, одан кейін Тони Роббинс, сондай-ақ әлемдік бизнес саласында жеке кәсібінді ашып, өзіңді дамытуға үйрететін Ренди Гейдждің тренингтеріне қатыстым.
Шынын айтсам, адамның жан-дүниесін түсіну үшін жан-жақты іздендім, оқыдым, талпындым. Себебі қандай да бір жетістік ізденісті қажет ететіні сөзсіз. Сол кездері өзім тұратын ауылда балабақша және шағын дүкенім болған еді. Өзімнің коучтардан алған білімімді сол жерде айтып бастадым. Яғни, сол шағын аймақта оқыған-тоқыған дүниелерімді қолданып, жетістіктерге жеттім.
– Қыз-келіншектер әлеуметтік желілерде сізге өз проблемаларын жазып, ақыл-кеңес сұрап жатады. Көбінесе олардың ең басты мәселелері неде болып отыр?
– Қазіргі таңда қоғамның басында сан түрлі проблема бар. Мысалы, «Мен неге тығырыққа тіреліп, шыға алмай жүрмін?», «Неге қарызға белшемнен баттым?», «Өз жеке кәсібімді қалай ашсам болады?» деген секілді сұрақтар легі күнде келіп жатады.
Осы түсіп жатқан хаттардың көбінен әйел қауымының моральдық тұрғыда шаршағанын байқаймын. Расында, бұрын апа-әжелеріміз физикалық жұмыстан шаршайтын. Себебі, таң ата малды өріске жіберіп, балаларына тамақ тауып беру үшін қырманға шығып, егін егіп, тоқыма тоқумен айналысатын.
Аллаға шүкір, қазір бәріне қолымыз жақын. Бір батырманы басып қойып кір жуып отырған заманда өмір сүреміз. Бірақ, ішкі жан-дүниеміз тыныштық таппағаннан кейін психологтардың табалдырығын тоздырып жүргеніміз сондықтан болар. Кең етек жайған проблемалардың бірі: тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжің, өршіп тұрған маскүнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық.
Сондай-ақ тұрмысқа әлі шықпаған қыздардан «Жеке өмірімдегі кедергілерді жеңудің жолы бар ма?», «Күйеуге шыға алмай жүрмін, қалай тез тұрмыс құрсам болады?», «Өмірлік жарым қандай болуы керек?» деген сынды сауалдардың жауабын алу мақсатында қыз-келіншектер үздіксіз хабарласады.
– Аталған мәселелерді шешу үшін қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Бұл проблемаларды шешу үшін көп кітап оқу керек, өз-өзіңді дамыту аса маңызды. Білім мен ғылым адамдардың көп сұрағына жауап бере алады.
Психологияда нейролингвистика деген сала бар. Бұны қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Позитивті ой нәтижелі жағдайға жетелейді. Кез келген сынаққа сабырмен, шүкіршілікпен қарау керек. Қазір пандемия кезінде көптеген қиындықтар туындап жатыр. Бұл жеке кәсіпкерлерді де, отбасыларды да алаңдатып отыр. Адам баласы ізгі құндылықтарын сақтап, бір-біріне мейірімділікпен қарай білсе, шешілмейтін түйін болмас еді.
Менің ұстанатын негізгі приципімнің бірі – «негативтен позитивтілікке». Бұрын ата-бабаларымыз айтпақшы, жоқ дей берме «жоқ деген кіріп алады, малдасын құрып алады».
– Сізге хабарласатындардың дені – қыз-келіншектер. Ал жігіттер қауымында мұндай проблемалар жоқ па?
– Қазіргі күні психологиялық тұрғыдан жігіттер де көп білім алып, ізденіп жатыр. Мәселен, өзімнің жолдасым бизнес-тренингтерге көп барады. Жеке кәсібін дамыту үшін көп кітап оқиды.
Мысалы, бизнесте көп жетістікке жеткен Сайытмұрат Давлатовтың, мәскеулік имам Шамиль Аляутдиновтың сабақтарын, кітаптарын қызығушылықпен оқуға болады. Өзіміздің Омар Жәлел, Ахметбек Нұрсиланың ер-азаматтардың дамуына жазған еңбектері баршылық.
Жас жігіттеріміз де сол кісілерден ілім алып, даму үстінде деп айта аламын.
– Отбасылық өмірде ер-азаматтардың атқаратын рөлін айтатын коуч-тренерлер жоқтың қасы. Сіз маман ретінде осыған қандай пікір білдіре аласыз?
– Отбасылық өмірде, жалпы біздің менталитетте ауыртпашылық көбінесе әйелге жүктелетін секілді. Балалардың тәрбиесінде әкенің алатын орны ерекше. Ол тәрбиені тұтас бір мектеп те бере алмайды. Сол себепті қазіргі жас жігіттеріміздің ойланатын мәселесі.
Карантин кезінде де байқағынымыз, жұлдыздар қайырымдылық жасап жатқанда көмекке зәру болғандардың көбі – көпбалалы аналар. Олардың айтуынша, күйеулері тастап кеткендіктен, үш-төрт баламен жұмыс жасай алмай, күнкөрістері нашарлаған.
Сондықтан бұрынғыға қарағанда қазіргі ер-азаматтардың көбі жауапкершілікті мойнымен көтере алмайды деген түсінік қалыптасады.
– Сіздің кейбір жазбаларыңызды «Дінге қайшы, серік қосу» деп сынап жатады. Мысалы «40 күндік дұға» туралы түрлі әңгімелер айтылып жатыр, өзіңіз не дейсіз?
– Мен дінге қатысты ешқандай қарсы нәрсе айтып көрген жоқпын. Тек қана Құранның сүрелерін жаттаңыздар, айтыңыздар, сосын Алланың 99 есімін қайталыңыздар дегеннен басқа артық ештеңе айтпадым.
Өзімнің тікелей эфирлерімде де қыз-келіншектерге жан-дүниенің тынышталуы үшін Алланы ұмытпау керектігін ескертетінмін. Құран сүрелерін, классикалық әуендерді тыңдағанда адам сабырлыққа кенелетіні рас. Бұл енді психологияда да адамның жүрегін тыныштыққа алып келу үшін істелетін амалдардың бірі.
– Соңғы кездері енді дін туралы айтпаймын деген пікіріңізді білдірген болатынсыз. Бұндай шешімге келуге не себеп болды?
– Дін туралы құзырлы ұйымдар, мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстаздары, мешіт имамдары уағыз-насихат айтуы керек.
– Алдағы уақытқа қойған жоспарларыңызбен бөлісе аласыз ба?
– Келешекте де білім, бала тәрбиесі жайлы көбірек айтқым келеді. Сабақтарым мен семинарларымды да осы тақырыптардың айналасында өрбітсем деген жоспарым бар. Себебі, қазіргі заманда адамның ең күшті қаруы – білім.
– Жоспарларыңыз жүзеге аса берсін, рақмет!
Сұхбаттасқан Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ