Жазушы, аудармашы Қалбан Ынтыханұлының қытай тілінен аударған «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» атты өте құнды тарихи кітап баспадан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл атақты тарихи жазбаны Дао жолын ұстанған Чаңчун әулиенің қасында еріп жүрген көмекшісі жазған. Онда Чаңчун әулиенің батыста, Хорезмде жорықта жүрген Шыңғыс ханның шақыруымен Қытайдың Шандунь түбегінен Хиндукуш тауы баурайындағы қаған ордасына дейін келген сапары баян етіледі.
«Кітап қазірге дейін орыс, ағылшын, жапон, француз, неміс, моңғол тілдеріне аударылып баспадан шығып, дүние жүзіне кеңінен таралған. Танымал тарихшы, әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Шыңғыс хан» атты деректі хикаятының І томының қытай деректері тарауында «Әулие Чаңчунның батысқа сапарын» таныстыра келіп: «Қайткенде де бұл ескерткіш нұсқалардан ұлы қағанның биік рухы айқын аңғарылады»,– дейді.
Ендеше, аталмыш қолжазба несімен құнды, несімен қызықты?
Бірінші, «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» Шыңғыс қаған аса жауыз, жүрген жерін өртеп күйретіп, қырып жоятын жабайы император деген жалған да жалалы деректерді теріске шығарады. Шандұң жерінен сапарға шыққан Чаңчун сол кездегі Қытайдың көп қаласын аралай жүріп Иехулин асуынан асып бүгінгі Монғол үстіртін орай өтіп, одан батысқа қарай жол жүріп, Орта Азияның бүгінгі Қазақстан, Өзбекстан жерлерін басып өтіп Ауғанстан жеріндегі Хиндукуш тауының баурайына жетеді. Осындай ұзақ жолдың бойынан жүздеген қаланы көзден кешіреді. Шындығына келер болсақ, сол замандағы сол қалалардан Шыңғыс қаған бүлдіріп кеткен біреуін де таппайсың, бәрі аман-есен тыныш тұрғаны естелікте айқын жазылады. Тіпті, әр елдің, әр қаланың халқы өз дінімен, өз салтымен өмір сүріп жатқаны да тайға таңба басқандай анық көрсетіледі.
Әсіресе, Шығыс Түркістан жеріндегі ежелгі Бесбалық, Жанбалық одан бергі Іле аңғарындағы Алмалық қалаларының халқымен бірге дін аман тұрғаны, одан былайғы Шу алқабындағы ежелгі Суяб қаласы, одан арғы Сайрам, Ташкент, Самарқан, Балх қалаларының дін аман тұрғаны, халқы өз дәстүрінде тірлік етіп жатқаны анық жазылады.
Екінші, «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» ежелгі Еуразия құрлығының географиясын зерттеуде таптырмас тарихи дерек. Сонау Шандоң жарты аралынан Бүгінгі Ауғанстанға дейінгі аралықтағы Керулен өзені алқабы, Қаңғай таулары, Гоби шөлі, Алтай таулары, Жоңғар ойпаты, Тяншань таулары, Хиндукуш тауы, Улястай өзені, Бұлғын өзені, Іле өзені, Шу өзені, Сырдария өзені, Әмудария өзені сияқты тарихи жер-сулардың ерекшеліктері, климаты сол замандағы бейнесі көрсетіледі. Осы аумақтардағы халықтардың сол кездегі тұрмысы, шаруашылығы, салт-дәстүрі таныстырылады.
Үшінші, «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» Шыңыс қаған заманындағы тарихи тұлғаларды анықтауға ерекше есқататын тарихи дерек. Жазбаша деректе Темуге Отчгін, Жынхай, Иелүй Тоқай, Иелүй Ақай сияқты тұлғалардың тұрған жерлері мен қызметтері айтылады.
Төртінші, «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» уақытты өте айқын таңбалап береді. Шыңғыс қаған қай жылы қай айда Хиндукуш тауы маңында болды, Самарқанда қашан болды, балалары қайда болды т.б оқиғалардың жылы, айы, күні нақты көрсетілген.
Аталмыш жазбаша дерек екі бөлімнен құралады. Бірінші бөлімде Чаңчунның Шыңғыс қағанның жарлығын қабылдап сапарға шығып, ұзақ жол жүріп Хиндукуш тауы баурайындағы қаған ордасына дейінгі жолдағы барлық жағдайлар мен көріністер айтылады. Екінші бөлімде Чаңчунның ордадан өз мекеніне қайтқан жолындағы жағдайлар мен көріністер және әулиенің өмірінің соңы, қайтыс болуы, жерленуі, кесене тұрғызу сияқты мәліметтер беріледі.
Осы бір жазбаша деректі ХІІІ ғасырдағы Еуразиялық ұлы даланың соның ішінде Орта Азия жерінің жалпы жағдайын зерттеуімізге таптырмайтын дерек көзі деп есептейміз, жүйеден сол замандағы бүгінгі Қазақстан жеріндегі қалалар мен жер-cу жағдайын біліуімізге өз көмегін берері хақ. Осы орайда бүгінгі Жамбыл облсы жеріндегі Ақыртас сарай кешенінің жағдайы да хатқа түскенін ескерте кетеміз.
Өткен замандардағы ірі оқиғалардың еш қандай дерегі табылмай қалған жағдайда тарих жеке адамдардың тұспалдауымен жазылады. Сондай-ақ, бір династиа немесе империя күйретілгеннен кейін оны күйретуші өз жеңісін асыра көрсету үшін тарихтың ескісін өшіріп жаңасын жазады. Міне осыдан кейін тарих ғылымы саласында бітпейтін дау туындап, оның ылаңы мыңдаған жылдарға дейін созылады. Бұндайда саясаттан аулақ, ордадан оңаша жүрген жеке адамдардың өз көзімен көргендері бойынша жазып қалдырған естеліктері мен күнделіктері тарихты тыңнан ойлауымызға жол көрсететіні анық. «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» әне сондай жазбаша ескерткіш», – деп аудармашы Қалбан Ынтыханұлы аталған еңбекке шолу жасайды.