Құндылық – қадірімізді арттыратын қасиетіміз. Құндылық түсінікке айналғанда ғана, бойымызға сіңгенде ғана қасиетке айналады. Құндылықтарына қарап адамның құнын шамалаймыз…
Әр құндылықтың құны бар. Құны төленбей құндылық сіңбейді. «Құр қолға бата жүрмейді» деп сол үшін айтылған…
Әркім іздегенін табады. Қалағаны дүниенің шеңберінде болған адамның жинағаны да сол дүниенің шеңберінде қалады…
Пенденің сеніміне қарай – арманы, арманына орай – талғамы, талғамына сай – құндылығы…
Жан мен тәннің тұтастығынан тұрғанымызбен, қос қырымыз теке-тіреске түседі де тұрады. Қайсысының қамын көп күйттейміз, сол болмысымыз дамиды, соған сай құндылықтарымыз қалыптасады…
Құндылық-қасиет – жанға (рухқа) тән. Құндылығыңды-құныңды сақтау үшін нәпсіңмен жағаласасың, тағдырыңмен тайталасасың, дүниемен дүрдәраз боласың…
Сан соқпақтан тұратын сын-өмірде материалдық құндылықтар мен рухани құндылықтар арасында ғана емес, таза рухани құндылықтар арасында да бәсекелестік пен қақтығыс орын алып тұрады. Танымың мен жағдайыңа қарай таңдау жасайсың…
Ес жиған сайын құндылығың да есті бола түседі. Мысалы: баланың қымбаты мен жігіттің қастерлісі – екі бөлек; ақымақтың тапқан дүниесі өзінің құнынан артып кетеді: жақынына жат, туысына қырыс тартады; ал Жақсы байыса – жаттығы қалмайды, сұңқар құсап шашып жейді; Жаман білім алса – кеудесі шалқайып, аяғының астындағыны көрмей қалады; ал Жақсы білім алған сайын жансарайы кеңейіп, жемісті ағаштай иіле бермек…
Тәңірі сыйлаған, тарихымен қалыптасқан іргелі құндылықтарынан айырылған ел Ел болудан қалады, тобырға айналып тозады. Дәл сол сияқты өзекті қасиеттерінен ажыраған адам азғындыққа бет алады…
Жанының асқақтығын ұғынып, Ақыретінің-мәңгілігінің қамын жеген адам рухани құндылықтарды сіңіру үшін аянбайды. Аянбау, қастерлің үшін жаныңды (нәпсіңді) аямау – төленген құн…
Құн төлеу – құрбандық беру. Құнды дүние үшін бәсі төмен дүниені құрбан етесің. Мысалы: Білім алу үшін жалқаулығыңды, таң намазы үшін ұйқыңды, жақыныңның көңілі үшін көңіл-күйіңді, балаң үшін барыңды, жаның үшін малыңды, арың үшін жаныңды құрбан (садақа) етесің!..
Нәпсіңді тізгіндемей, құмарлықтарын құрбан қылмай, асыл өзегіңді табу, рухани даму – қиын. Елің үшін еміренбей, ауырын көтермей, бабаларымыз секілді «ұйқы беріп, қайғы алмай», Ер болу – екіталай…
Ең үлкен құн – жан қуаты мен уақыт. Өйткені: уақыт – өмірдің өзі, ал өмір өлшеніп берілген. Уақытын ысырап еткен адам – ысырапқордың (аят бойынша: «шайтан туысының») ең үлкені…
Құндылығың – сүйгенің. Сүйгенің үшін сүймесіңді сүйесің, ауыртпалығына күйесің, қимасыңды бересің, қиындығына төзесің!..
Ең үлкен құндылық үшін ең зор құн төленеді. Сол үшін: білім алу – инемен құдық қазғандай! Бейбітшілік үшін бабаларымыз баласын кепілдікке берген, құрбандыққа қиған!..
Құдайдан биік құндылық болмайды – Пайғамбарлар сияқты сынақ көрген адам да жоқ! Иман-махаббатын дәлелдеу үшін Ибрахим пайғамбар қартайғанда әрең көрген перзентін құрбан қылып шалуға дайын болса, адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбар да (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) жалғыз ұлы мен үмбетінің (сіз бен біздің) арасында таңдау жасап, жүрегі қарс айырылған!..
Жан қуатымызды Жаратқан Иеміздің разылығы жолында жұмсау нәсіп болғай! Қасиетіміз жарқырап, абыроймыз артқай!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ