Бірнеше жыл бұрын клиенттермен жұмыс тақырыбындағы бір тренингте тренер әр маманға өзін бір жануармен салыстырып сипаттау туралы тапсырма берді. Өзгелердей жан-жануар, аң-құс емес, елеусіз жәндікті таңдап, құмырсқа туралы әңгімелегінім біреуге тартымды болса, бірі немқұрайлы түрде менсінбестік көрсетті. Ал мен үшін адамзатқа ең ұқсасы, әрі жақыны осы құмырсқа сияқты. Осы бір көзге ілінер-ілінбес құмырсқалардың әлемі мені әрдайым қызықтыратыны рас және үнемі сол туралы жазу ойымда жүретін. Араға жылдар салып, құмырсқалар әлемі туралы тек әріптестермен ғана емес, көпшілікпен тағы да бөліскім кеп отыр.
Ғылымда құмырсқаларды зерттеу бағыты мирмекология деп аталады. Бұл термин 1900-жылдардың басында қолданысқа енгенімен, құмырсқалар әлемі оған дейінгі уақытта да адамзатты өзінің ерекше құрылымымен қызықтырып келген. Біздің эрамызға дейінгі IV ғасырда грек философы Аристотель өз еңбектерінде құмырсқаның таңғажайып ерекшеліктерін, отбасылық өмір сүру дағдыларын зерттей бастаған болса, қазіргі уақытта да құмырсқаның өмірлік дағдылары мен принциптеріне адамзаттың қызығушылығы толастамайтындай. Құмырсқалар ертегілерде, балалар әңгімелерінде еңбекқорлық пен өзара көмек көрсетудің үлгісі ретінде жиі қолданылады. Аң-құстың тілін білген Сүлеймен патша туралы аңыздарда да құмырсқа туралы әңгімелерді тамсана оқып-тыңдағанбыз. Ұзақ жылдардан бергі зерттеу еңбектеріне мән берсек, 130 миллион жыл бұрын жер бетінде пайда болған осынау жәндік аумақтық-территориялық бөлінуі, ұяларға, отбасы құрамына, түрлеріне қарай құдды жер бетіндегі адамзаттың ел-елге, ұлт-ұлтқа бөлініп даму үстіндегі үрдісіндей. Олардың аумақты, отбасын қорғап қауіпсіз мекен даярлауы, оқытып-тәрбиелеуі, еңбекті бөлуі, құрылыс жұмыстарын реттеуі, аса бір шеберлікпен, бірізділікпен жасалатын әрбір әрекеттері, жүйелілігі үлгі аларлық және назар аудартпай қоймайды.
Құмырсқалардың өмірін бақылауға негізделген алғашқы ғылыми жұмыстар бастапқыда инстинкт, оқыту және қоғам идеяларына қызығушылық танытқан швейцариялық психолог Огюст Форельге (1848-1931) тиесілі. 1900-жылдардан бері бұрынғы кеңес, ресейлік Г.М.Длусский, В.Е.Кипятков, А.А.Захаров, Ж.И. Резникова мен В.А. Караваев, Қазақстандық болып саналатын П.И. Мариковский де осы құмырсқалар тақырыбын зерделеуге қатысқан.
40 жылға жуық құмырсқаларды табиғатта да, зертханалық жағдайда да бақылап, зерттеп жүрген Швейцарияның Лозанна университетінде қызмет атқарған Лоран Келлер «құмырсқаларды зерттеу тек биологиялық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік жағынан да адам табиғатын білу жолында тезірек алға жылжуға көмектесетініне сенімдімін, өйткені «қоғам саласында адам шын мәнінде құмырсқа сияқты жолмен жүреді» дейді.
Құмырсқалардың өмірі қызықты және ерекше. Құмырсқалар балаларының иісін есте сақтайды – бұл құмырсқалар туралы факт. Олар дернәсілдерді тасымалдаудың тәсілдерін қалыптастырып, оған арнайы бағып-қағуға арналған құмырсқалар қамқорлық жасайды. Әрі қарай оларды тәрбиелеуші құмырсқалар тағамды, шырынды қалай тауып, қалай алу керектігі жөнінде үйретеді. Ақпарат беруші, барлаушы құмырсқалар іздеу жолдарын, ақпараттарды жедел жеткізіп, ұяға оралып, жемшөптерді қайдан іздеу керектігіне жол көрсетіп, одан әрі жаңа олжаларға шығады. Барған жолдарын тура тауып қайтатын ерекшеліктері таң қаларлық. Олар қай жерде қандай нәрселер бар екенін, бағдарлар мен белгілерді дәл есте сақтап, күрделі лабиринттерде де қажеттіліктерін оңай табады және табысын ең қысқа жолдармен ұяға жеткізеді. Кейбір зерттеулер құмырсқаның IQ деңгейі өте керемет 300 балл деп болжауға мүмкіндік береді. Кішкене ғана құмырсқа өз салмағынан 100 есе ауыр заттарды көтере алады, жер бетіндегі тіршілік иелерінің ешқайсысы мұндай қабілетке ие деп құмырсқамен салыстыруға да келмейтіндей.
Үлкен отбасы ұжымын тамақтандыру үшін отбасына сенімді азық-түлік базасы қажеттігін ескере отырып, шаруашылықпен айналысатын арнайы құмырсқалар болады. Л.Келлер еңбегінде оларды «Азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін олар тіпті «егіншілік» пен «мал шаруашылығын» ойлап тапты» деп жазады. Құрылысшы құмырсқалар үй тұрғызумен қамтамасыз етеді. Құмырсқалар қартайған сайын кәсібін өзгертіп, атқаратын қызметтерін ауыстырып отырады. Бәрі жүйеленген, әрқайсысының өзінің атқаратын қызметтері бөлінген, тамаша ұжым. Қорғаушы құмырсқалар, сондай-ақ өз ісіне немқұрайлы қарайтын, «бұзық» құмырсқалар да болады. «Бұзықтарын» жөндеуде де олар ұжым болып, оларды түзету жұмыстарын да атқарып отырады.
Құмырсқаның атауымен қасиетті Құран кәрімде «Құмырсқа» сүресі бар. Құран аятарына қатысты да көптеген ақпараттар зерттеліп, ғалымдар тарапынан жарияланып жүр. Солардың ішінде Сүлеймен патшаға тіл қатқан құмырсқаның ұрғашысы туралы берілген аяттағы: «Бір құмырсқа шығып: «Әй, құмырсқалар!» деп сөйлеген құмырсқа араб тілінде «нәмләтун» деп қыз тегі формасында келіп тұрғаны туралы мәлімет бар. Алла Тағаланың келген қауіпті құмырсқа патшасы емес, нақты құмырсқа патшайымына, әйел тегіне сездіруі, оны сөйлетуі арқылы сипаттауында да біз білмейтін ғибрат бар шығар, бәлкім?
Көпшілікке бұйрықты сөзі өтетін адам, басқарушы – қолбасшы ретінде құмырсқа патшайымы туралы тренингте сөз еткенімде, әйел болмысының қамқорлық, сезімталдық, сақтандыру жауапкершілігі туралы да тілге тиек еткен едім. Негізінде, әйел адамның көп жерде «шашы ұзын, ақылы қысқа» деп, немесе екінші сорттағы қызметкерлер демей, барлық қабілеттерін ашып, сауаттылығын дамытып, қоғамдық өмірге араласса, ер мен әйел затының бірлескен топтарында көптеген жан-жақты қамтылған оңтайлы шешімдерге қол жеткізуге болатындығы шындық.
Бүгінде дүкендер мен кеңселерде, сауда орындарында «Берекет» дұғасы ілінетін әдет бар. Осы берекет дұғасын «Құмырсқа» дұғасы деп те атайды. Молшылық пен ризық үшін деп осы дүғаны оқып қана қоймай, сол құмырсқаның еңбекқорлығы мен адалдығы туралы ой жүгіртіп, кішкене ғана жәндіктен үлкен үлгі алуды ұмытып жүрген жоқпыз ба екен?
Ал біздің бәріміз оңай олжа мен жұмыстың жеңілін іздеген уақыттарда, бәріміз бір-бірімізден көшірме жасап өмір сүруге тырысқанда және ең бастысы біз ұжымдық, командалық, топтық деген пікірден алыстап, «өзім», «мен» деген, оңашалануды, гаджетінен ғана қызығын тауып, жалғыздықты, өзімшілдікті таңдаған сәтте, қоғамның, ұжымның құлдырауы оп-оңай болып қалатын тәрізді. Көшбасшысына бағынбай, топқа зиян тигізу, арандату мен татулықты бұзу – осы біртұтас заңдылықтағы жүйені бұзу тәрізді.
Қоғамда болсын, ұжымда болсын, әркім өз жауапкершілігін толық үйреніп, өзінің икеміне сай нақты қызметтерін атқарса, қарым-қабілеттеріне сай ұйымдастырушысы мен орындаушысы орындарын тауып, әрі бір-бірінің қызметіне баса-көктеп араласпаса, тегі мен діні, шыққан жеріне қарай кемсіту немесе басымдық беру болмаса, біртұтас механизм сияқты сол ұжым көп қызметті тындырып, бала-шаға мен кәрі-қартаңдарының жағдайы толық жасақтаулы болар еді деген ғана ой келеді. Және осының бәрінде бізге ежелден пайда болған құмырсқалардың миллиондаған жылдар бойғы жүйеленген, өзгеріссіз таңғажайып ерекше әлемі сабақ болып үйретіп тұрғандай.
Жерлес ақын Қадыр атамыз «Құмырсқа» өлеңінде олардың бірлігін тамаша сипаттаған:
Қаламайды құмырсқа,
Қаңғыруды, билеуді.
Тыным алмай, ырысқа
Толтырады илеуді.
Тапқан заты ауыр боп,
Түссе бірі әлекке,
Қауымдасқан бауыр кеп,
Келеді тез көмекке.
Ауыртпалық көрмедім
Олар алып жықпайтын.
Қиындық аз дер едім
Түбі жеңіп шықпайтын.
Неге?
Айтсақ дұрысын:
Демей ұсақ, ірісің,
Бірі істейді бәрі үші,
Бәрі істейді бірі үшін!
Құмырсқалар әлемімен тереңірек танысуға қалай қарайсыз, оқырман?
АйШаНұр
(Айсалқын Шаутимова Нұрсайынқызы)
Орал қаласы