Сұрақ: Құмар ойындардың зияны қандай, одан қалай құтылуға болады, арнайы дұға бар ма?
Жауап: Құмарды араб тілінде «майсар» деп атайды. Мұның негізгі мағынасы «жеңіл жолмен келген» дегенді білдіреді. Жеңіл жолмен келген дүние жеңіл кетіп қалады.
Абай атамыз: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп айтқандай тамағы тоқ, жұмысы жоқ адам ерігіп, құмар ойын тамашалап бастайды. Кейін қалай ойынқұмарға айналғанын байқамай да қалады.
Жеңіл жолмен пайда тауып байимын деген жай ғана алданыш. Сол үшін Құдай Тағала: «Ей, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар» деп ескерту жасайды [Мәида: 91]. Себебі шайтанның мақсаты адамдар арасына от салу, отбасынан береке қашыру, шаңырақты қиратып ортасына түсіру және т.б.
Ойынға белгілі ақша тігіп, ұтылған соң, оның орнын толтырамын деп қайта ақша тігуге бас ұрады. Мамандар ойынқұмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиянды екенін алға тартады. Құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Өзінің күйігін басу үшін ішімдік ішіп, тіпті салынып та кетуі мүмкін.
Ойынқұмарлықтан құтқаратын арнайы дұға, ол – Аллаға мінәжат ету. Мұның алдын алу үшін балаға жастайынан дұрыс тәрбие беріп, имандылықты үйрету керек. Ортағасыр ғалымы әл-Ғазали «Адамның тойымсыз нәпсісін тізгіндеп тұратын тек дін» деген екен. Ақыретті, есеп күнді, обал мен сауапты, біліп өскен баланың келешекте ойынқұмаға, ішімдікке немесе нашақорлыққа салынып кетуі сирек құбылыс.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ