Сұрақ: Құлшылық жасауда да шектен шықпау керек дейді. Бұл рас па?
Жауап: Құлшылық – Алла мен пенденің арасындағы амалмен, сөзбен, ниетпен құрылатын байналыс. Пенде құлшылық жасауы арқылы Құдайға алғысын, шүкірлік етуін және Оған деген махаббатын, бойсынушылығын білдіреді.
Бірақ, мұның да өлшемі бар екен. Себебі, Алла құлдарын жақсы көреді және оларға мейірімін төгеді. Құлдарын әлсіз қылып жаратқаны үшін, олардың үстіндегі жүктерін жеңілдеткісі келеді:
«Негізінен Алла сендерге жеңілдікті қалайды. Өйткені адам баласы әлсіз жаратылған» (Ниса: 28)
Алла біз үшін қиындықты емес, жеңілдікті қалайды: «Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды» (Бақара 185)
Бірақ, бұл аяттардан Аллаға құлшылық жасамаса да болады деген түсінік шықпауы тиіс. Құлшылық жасалады, бірақ өлшемді шамамен. Төмендегі риуаят бұл сөздің мағынасын толық аша түспек:
Үш сахаба бір мәселе жайында қызығушылық танытады. Сөйтіп, Пайғамбардың (с.ғ.с.) қаншалықты құлшылық ететінін білгісі келеді. Айша анамызға барып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) қалай құлшылық қылатыны жайында сұрайды. Анамыз оларға пайғамбардың (с.ғ.с.) үйде қандай құлшылық орындайтынын айтты. Олар пайғамбар (с.ғ.с.) үйдегі орындаған құлшылығын аз деп біліп былай деді: «Әрине, ол пайғамбар ғой. Алла Тағала оны кешіріп қойған. Ал біз болсақ, күнәһармыз».
Арасындағы біреу, ұйықтамай түні бойы намаз оқитынын айтады. Ал екіншісі, Алланың нәсіп еткен әрбір күнін оразамен өткізетінін айтты. Үшіншісі болса, өмір бойы әйел затынан аулақ болып, өзін құлшылыққа арнап, отбасын құрмай өтетінін айтты.
Пайғамбар үйге келгеннен кейін, жағдайды естіді де, үшеуін қайта шақыртып былай деді:
«Сендер былай деп айтқан екенсіндер. Ал енді құлақ салыңдар. Аллаға ант етейін, іштеріңдегі ең қатты Алладан қорқатын менмін! Аллаға ең жоғарғы дәрежеде сый-құрмет көрсететін де мен. Алайда, соған қарамастан мен кейде ораза ұстап, ал кейде ораза ұстамаймын. Түнде кейде намаз оқимын, ал кей кездері ұйықтаймын. Үйленемін де. Міне, менің сүннетім осы. Ал менің сүннетімнен алыстағандар, менен емес» (Бұһари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ