Сұрақ: Құлшылық жасау үшін білімнің не қажеті бар? Жай ғана тәспі тартса немесе маңдайды сәждеге алып барса жеткілікті емес пе?
Жауап: Бұл сұрақтың жауабын дана Абай ертеде беріген:
«Құлшылық лайық па, құдайына,
Қазақ мұны өзінен сұрайды ма?
Елмен бірге жығылып тұрса болды,
Саудаласар Алламен сұмпайы да!».
Білімсіз құлшылықты сынға алған Абай исламды жақсы білгендіктен дінге қатысты қараңғылықты, соқыр еліктеушілікті көп сынаған. Осы өлеңнен-ақ Ислам білімсіз құлшылықты мақұлдамайтыны көрініп тұр.
Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) мешітке кіреді. Ол жерде дәріс оқып жатқан және Алланы зікір қылып отырған екі топ болатын. Алланың елшісі (с.ғ.с.) дәріс оқып жатқан топқа қосылды.
Сахабалар:
– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Бұл екі топтың қайсысы жақсырақ. Дәріс оқушы топ па әлде Алланы зікір етуші ма? – деп сұрайды.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Мына топ жақсы, мына топ та жақсы. Бірақ мен мұғалім (үйретуші) болып жіберілдім, – дейді (Мүслим).
Исламдағы ғалымның, білетін адамның орны осы хадисте көрсетілген. Құлшылық қылып жатқан жамағат, білім үйреніп отырған жамағат та мешітте. Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің «мұғалім болып келдім» деген сөзі арқылы исламдағы сауатты құлшылық жасаудың артықшылықын байқатты. Құлшылық жақсы, бірақ, біліп құлшылық жасау одан да жақсы деген Абай:
«Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды».
Демек, адамға ықылас, шынайы ниет пен бірге білім керек. Білім адамның құлшылығын, амалын көркемдейді. Абай білімін тоқтатқан адамды «Құдай ұрды» деп құлшылықтың дұрыс орындалмайтынын меңзеп отыр. Мысалы, намаз оқыған адам намаздың парызы мен уәжібін, намазды бұзатын амалдырды білмек керек. Сол сияқты ораза ұстаған адам оразаның шартын, оны бұзатын және бұзбайтын амалдарын білуі тиіс. Мұның барлығы – білім. Білімсіз құлшылық дұрыс болмайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ