Аса Дана-Хаким Алланың жаратқан әлемі – Шеберлік пен Даналықтың көрмесі болса, әр үкімі мен ісі де – даналыққа толы! Құлшылықтың (пікір, зікір, шүкірдің) да жемісі – адамгершілік, көркем мінез, жасампаздық, мақсаты – кемелдік пен даналық. Сол себепті құлшылық («Алла разылығы үшін» деген ниетпен жасалған бар жақсылық) құны – санына емес, сапасына тәуелді; пайдасы – адам бойына сіңірген қасиетімен, қоғам өміріне енген құндылығымен өлшенеді.
Сыртын қызықтаған рәсімі емес, ішін-мәнін түсінген құлшылық-ғибадат құндылық өндіреді, қасиет сіңіреді. Мәселен, «Мұсылман – кім?» деген сауалға, ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Қолымен де, тілімен де ешкімген зиян бермейтін адам», «Басқа кісілер еш күмәнсіз, толық сенім білдіретін, сене алатын жан» деген жауап бергені мәлім.
Неге «Намаз оқитын, ораза ұстайтын немесе қажылыққа барған адам» деп жауап бермеді? Өйткені: Ислам бейнесі мен көрінісін көрсететін бұл құлшылықтардың өзі (сырттай орындалуы) – мақсат емес, сол құлшылықтар сіңіретін құндылық-қасиеттер маңызды еді; адамның тіпті сырт-әрекеті емес, ішкі мазмұны – мінезі, хәлі, жан-дүниесі-жүрегі басты орында еді!
Сырттың алдамшы болатынының ең үлкен дәлелі – мұнафиқтық, екіжүзділік. Осы себепті де хадисте Алла Тағаланың адамның сырт бейнесіне емес, жүрегі мен амалына назар салатыны айтылса, қасиетті Құран аятында Ақыреттегі ең құнды дүние, Жаратушы құзыретінде абырой мен бақ сыйлайтын нәрсе – таза жүрек екендігі баяндалған («Шуғара» сүресі, 88-89-аяттар).
Өз тамырымызға үңілсек: шынайы мұсылмандықтың, асқақ адамгершіліктің жүлгесін салып беріп кеткен дана бабаларымыз: «Тіл мұсылман кімде жоқ, діл мұсылман болмаса!» депті. Ұлт ұстазы хакім Абай:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз – қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа – жол емес»,
«Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде» дей келе, діни танымын:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,
Және сүй «хақ жолы» деп Әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
«Иманның асылы үш» деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ – Хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс», – деп түйіндейді.
Ал Шәкәрім қажы:
«Әдiлет пен мейiрiм, нысап
Құлшылығым – Тәңiрiме» деп, құлшылықтың мән-мазмұнын дәл нұсқайды. Келесі сыр-сөздерінде:
«Тасбиық, сәлде, жайнамаз,
Тастамасаң қыс пен жаз,
Жүрегiң болса тайғақ саз –
Сопысынып қылма наз»,
«Құдайың мен дүниеге
Кезекпе-кезек шоқынсаң,
Инедей пайда тие ме
Мешiтте мың жыл отырсаң?!»,
«Хақ мұсылман кім болар –
Айтса сөзі шын болар.
Рахым, ұят, ар, ынсап –
Төртеуі болса, дін болар!» деу арқылы адамдық қасиет пен мұсылмандық кемелдіктің кілті – бойға сіңген құндылық-қасиет екендігін тіпті аша түседі!
Ендеше, мұсылман болмақтағы мұрат – Адам болу, ал Адам болудың жолы –Пайғамбарды үлгі-идеал тұту. Сәл басқаша айтсақ: пендеден Адамға айналу үрдісі – нәпсі шырмауынан асып өтіп, Рух табиғатымен үндесу, рухани болмысымызды табу. Ал рухани болмысты табу, сезіну, оны орталық етіп өмір сүру – рухани қасиеттерді, имани құндылықтарды дамыту, жетілдіру арқылы жүзеге асады. Сана ар-иманмен түзеледі, арды ақыл күзетеді, иманға ғибадат азық береді…
Иә, Дін дегеніміз – қасиет-құндылық егуші рухани Ілім; Мұсылман болу – Адам болу, ал Адам болу – адами қасиеттерге ие болу деген сөз. Әбіш Кекілбайұлы ағамша айтсақ: «Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, Әділеттіктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе? Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді?!»
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ