Бәрімізге белгілі: Қасиетті Құранда айтылғанындай, біз, адам баласы құлшылық үшін жаратылғанбыз. Тек Бір Аллаға ғана құлшылық жасау үшін жаратылғанбыз. Яғни Жаратқан Иемізді танып, шүкірлік-ғибадатымызды Оған арнау үшін, Ұлы Раббымыздың разылығын іздеу үшін, ғұмырымыз бен өлімімізді Оған бағыштау үшін жаратылыппыз.
Өйткені құлшылық-ғибадат – тек мешіт, шіркеу секілді белгілі бір орындарда немесе жұма, жексенбі күндері секілді белгілі бір уақыттарда ғана атқарылатын және Ислам немесе христиан діндерін ұстанатын, шартты мінәжаттарын өтеп жүрген белгілі бір адамдар ғана атқаратын іс-әрекеттер (ритуалдар) жиынтығы емес. Құлшылық – бүкіл тіршілікті қамтитын өмір салты. Расында, Құран Кәрім тек «намаз оқыңдар, зекет беріңдер, ораза ұстаңдар, қажылыққа барыңдар» деген үкімдерден ғана тұрмайды ғой!? Иә, бұл ұлы Мақсаттың – тіршілік Мұратының кемеліне келуі: «тіршілігім – құлшылығым» деген түсінікке табан тіреп, әр сөзіміз бен ісіміз, тіпті ой-ниетіміз Алла разылығы үшін болғанда және ізгілікке, яғни шариғатқа сай болғанда ғана орын алмақ…
Осы арада «құлшылықты қалай жасау керек?» деген сауалдың ортаға шығуы – заңдылық. «Құлшылық» ұғымының кең мағынасын есте сақтай отырып, шартты құлшылықтарға қатысты айтылған үкімдерге тоқтала кетсек. Мәселен, Жаратушы Иеміз Құранда мұсылман баласына ең жақсы көрген дүниесін садақа етуді, яғни Алла жолында жұмсауды бұйырады. Бұл туралы қасиетті кітабымызда былай делінген: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не берсеңдер де, Алла оны сөзсіз толық біледі» («Әли Имран» сүресі, 92-аят). Немесе намаз туралы аятты алайық: Алла Тағала нағыз мүминдерді сипаттағанда, ең алдымен олардың намазды ықыласпен оқитынын атап өтті: «Мүминдер мұратына жетті, олар – намазда сондай хушуғпен тұратындар!» («Мүминун» сүресі, 1-2 аяттар). Мұндағы «хушуғ» сөзінің мағынасы: «Намазда тұрғанда: өзінің Жаратушы назарында тұрғанын түсіне-сезіне отырып кішіпейілділікпен тұру, жан-тәнімен беріле оқу, оқылған аяттар мен зікірлерге терең бойлаған халде тұру» дегенді білдіреді. Яғни ең жақсысын беру, ең көркем түрде орындау – құлшылықтың қабыл болуының шарты екен.
Енді «құлшылықты қалай орындау керек?» деген сауалдың тамаша жауабы берілген «Жәбірейіл» хадисінен үзінді келтірейік: «…Сонда жаңағы адам:
– Рас айтасың, енді ихсан деген не? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!):
– Ихсан – Алланы көріп тұрғаныңдай Оған кұлшылық етуің. Себебі сен Оны көрмесең де, шүбәсіз, Ол сені көруде» – деп жауап берді» (Муслим, Әбу Дауд, Тирмизи, Нәсаи, Ибн Мәжәһ жеткізген хадис).
Міне, осы хадисте ата дініміздің негізгі үш ұстынының бірі, ішкі өзегі болған «ихсан» ұғымы туралы айтылған. Яғни, ихсан дегеніміз – Алла Тағаланың сені бақылап тұрғанын, қай уақытта болмасын Оның назарында тұратыныңды бір сәт естен шығармау екен. Ихсан – Жаратушымыздың үкімдерін таза ниетпен, асқан жауапкершілікпен, дәп бір Тәңірімізді көріп тұрғандай шынайы ықыласпен, ең көркем, ең кемел түрде атқару екен. Алла Тағаланың бізді әрдайым көретіні және еститініне, біздің барлық ойымыз бен ниетімізді білетініне, Оның жіті бақылауында болатынымызға сенуіміз әрі сезінуіміз – ихсан. Осылайша, адамның қай жерде, қандай хәлде болғанына қарамастан, адамдардың арасында немесе оңашада болсын, оның Аллаға бағынуы, Раббымыздың барлық үкімдерін ең жоғары шынайылық пен көркемдің деңгейінде орындауы – ихсан дәрежесіне көтерілуді білдірмек. Басқаша айтқанда, ихсан – Құдіретті де Мейірімді Иемізді көріп тұрғандай шыншылдықпен, жауапкершілікпен, ықыласпен – сүйіспеншілікпен ең кәміл дәрежеде құлшылық жасауымыз; «Алла көріп тұр» деген сезімде ғибадат жасауымыз.
Иә, дін дегеніміз – сенім, ал дін ұстану – сол сенімге негізделген өмір салты, өмір сүру үрдісі. Ал құлшылық – бүкіл тіршілікті қамтитын амал-харекеттер. Егер құлшылық кезіндегі ішкі хәлді ғибадаттан кейін де сақтай алсақ – құлшылық мәні мен мақсатын түсінгеніміз. Осыны ескерсек, онда ихсан дәрежесінде ғұмыр кешу – жаратылу мақсатымыздың орындалғанын білдіреді. Әр ісімізді, жұмысымызды, ой-ниетіміз бен сөзімізді «мені сүйіп жаратқан, барлық жаратылыстан абзал да көркем қылып жаратқан, мені Өзіне орынбасар (халиф) еткен сүйікті Ием мені көріп тұр» деген сезімде атқаруымыз, осы түсінік-сенім мен сезім-хәлде өмір сүруіміз – кемелдікке бастар ғажап ғұмыр болмақ! Құлшылық-ғибадаттың мақсаты мен мәні де – осы! Жаратқан Иеміз бізді осы үшін жаратқан! Яғни «Сүйікті пендем рухани кемелденсін, бақытты ғұмыр кешсін – Мені танысын, Маған жақындасын» деп жаратқан! Сол себепті: «Құлшылық – кемелдік мектебі, ғибадат – саналы да сапалы, мәнді де сәнді ғұмыр кешудің шарты» дейміз…
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ