Сұрақ: Адам амалын немесе сөзін растау үшін «Құдай ұрсын» деп атса болады ма?
Жауап: Сұраққа жауап бермес бұрын мына нәрселердің басын ашып алайық: Алла – барлық тіршілік пен нығмет Иесі.
«Құдай ұрсын» сөзін қолдану мәселесіне кесек, Алланың азабы мен жазасы бар екеніне сөзсіз сенеміз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Құран бізге Алланы Рахман (Аса қамқор) және Рахим (Ерекше мейірімді) деп таныстырады. Оны ризық беруші, кешірімшіл, қамқор, есіркеуші, қорғаушы, мейірімді, жомарт деп сипаттайды:
«Алла құлдарын өте аяушы» (Шура: 19);
«Өйткені Мен, кім тәубе етіп, иман келтіріп, игілік істеп, тура жолда болса, әлбетте жарылқаймын» (ТаҺа: 82);
Алланың мейірімі барлығын сыйдырады: «…рахметім әр нәрсені сыйдырды» (Ағраф, 156).
Демек Алла мейірім иесі. Олай болса «Құдай ұрсын» сөзін айту дұрыс емес. Өйткені мұндай сөз адамға Құдайды «жазалаушы», «азаптаушы» бейнесін елестететін болады. Алла адамды көркем бейнеде, ерекше сұлу жаратылыс ретінде жаратқан. Егер адам өзінің амалында дұрыс, сөзінде тура болса, онда ешқандай қасам (ант суын) ішудің қажеті қалмайды. Ал егер ант ішпесе болмайтын жағдай туса, онда «Аллаға ант етейін!» (Уаллаһи!) деп айтса жеткілікті. Бірақ, мұндай ант сөзін жиі айтып әдетке айналдырудан сақтанған дұрыс.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ