2017 жылы 1 шілдеде Елбасының жарлығымен «Уақып» корпоративтік-қайырымдылық қоры құрылды. Сол кезде Дін істері және азаматтық қоғам министрі болған Нұрлан Ермекбаев: «Қоғам үшін пайдасы зор кез келген қайырымды істі жасауға болады. Оның ішінде мектептер, емханалар, жол, көпір салу секілді елге пайдалы іс сауапты амалға жатады», – деп жаңа қордың артықшылығын түсіндірген болатын.
Айта кететіні, біздің еліміз посткеңестік мемлекеттер арасында уақып мәселесін мемлекеттік деңгейде қолға алып, жүзеге асырған тұңғыш ел болып отыр.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде мұсылмандарды бір үйдің кірпішіне теңегеніндей, Ислам қоғамы қай заманда болмасын өзара қайырымдылық жасау, садақа беру, жоқ-жітік пен жетім-жесірге қарайласу қағидасын берік ұстанған. Жақсылық істеудің жолы сан-алуан. Сол қайырымдылық көмектің маңызды бір түрі, яғни үзілмейтін садақа – уақып деп аталады.
Соңғы жылдары осы тақырыпты тереңнен зерттеп жүрген исламтанушы Қуат Қабдолдамен болған сұхбатымызда уақыптың қоғамға пайдасы, шариғаттағы орны мен қандай мақсатта пайдаланылатыны жайлы толыққанды мәлімет беруге тырыстық.
– Қуат аға, ең алдымен «уақып» сөзіне түсініктеме беріп өтсеңіз?
– Шариғатта «уақып» деп белгілі бір мал-мүлікті көп мәрте қайырымдылық жолында пайдалану үшін ұзақ мерзім жұмсамай ұстап тұруды айтады. Демек, ол үзілмейтін садақа. Ол мүлікті мешіттер мен медреселер, жекелеген адамдар, оның ішінде пақыр-міскіндер, жетім-жесірлер, басқа да мұқтаж жандар пайдалануына болады.
Уақыптың шариғатта үш түрі бар: 1) таза діни; 2) қайырымдылық; 3) арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып.
– Олардың ерекшеліктері қандай?
– Таза діни уақып деп қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына (тар мағынадағы) арнап бөлуді айтады. Мысалы, қазір елімізде дәулетті адамдар мешіттер салып жатыр, құлшылық орындарына көмектерін беруде. Бұл таза діни уақыпқа жатады.
Қайырымдылық уақыбы (батыста pһіlаntrоріс деп айтады) дегеніміз – жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне (денсаулық сақтау, мәдени шаралар, оқу, қоғамдық, қауіпсіздік салалары) арнау.
Бұған құлшылық үйлерінен бөлек, халыққа үй, көпір, басқа да орындар салып беру, бау-бақша егу, құдық қазып беру, т.б. қайырымдылық мақсатында пайдалануға қалдыру жатады.
Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып деп Ислам дінімен бірге келген, пайғамбардың сахабалары ойлап тапқан уақып түрін айтамыз. Олар уақыпты әуелі өздерінің ұрпақтарына, сосын қайырымдылықтың жалпы түріне арнаған еді.
Мысалы, бір адамның екі дүкені болуы мүмкін. Ол біреуін ұрпақтарына қалдырып: «Осыдан түскен табысты екіге бөліңдер. Жартысын қайырымдылыққа жұмсап, жартысын өздерің пайдаланасыңдар», – дейді. Яғни, бұл жерде ұрпағының да жағдайына қарайласу, сонымен қатар, уақыпты жалғастыру ниеті жатыр.
Шариғатты осындай уақыптың түрін «муштарак уақыф» (ортақ уақып) деп те атайды.
– Исламдағы уақыптың тарихы қай кезден басталады?
– Уақып – пайғамбар сүннеті. Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзіне сыйға берілген «Фәдәк» дейтін бау-бақшасын уақып ретінде қалдырған.
Оның шариғаттағы бірден-бір дәлелі – Ибн Омар риуаят еткен хадис: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жерге қатысты маған қандай әмір бересіз?» – деп сұрайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер қаласаң, ол жерді уақып қыл да, одан түскен пайданы садақа қылып отыр», – дейді». Ислам ғұламалары бұны «тарихтағы ең алғашқы уақып» деген.
Шариғатта «Уақып етушінің сөзі – Құдайдың үкімімен тең» деген қағида бар.
Одан бөлек, хазреті Османның (р.а.) яхудиден сатып алған құдығы қазіргі күнге дейін Мәдина қаласында пайдаланылып келеді. Ол жерде халифаның құрма бағы да бар. Одан түскен қаражат сол заманнан бері пайғамбар мешітінің қажеттілігіне жұмсалып жатыр.
Айта кетейік, шариғатта «Уақып етушінің сөзі – Құдайдың үкімімен тең» деген қағида бар. Яғни, адам уақыпқа қалдырып жатқан мүлкін қандай мақсатта пайдаланылсын десе, ол тек сол жерге жұмсалуы керек.
Уақыптың ақыреттік пайдасына келсек, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде адам қайтыс болғанда артынан үш нәрсенің сауабы үздіксіз келіп отыратынын, соның ең біріншісі – жария садақа екендігін айтқаны белгілі. Мешіт-медресе салса, жол салып кетсе, тал ексе, мұқтаждарға үй салып берсе – осылардың бәрі құлап, жоқ болып кеткенге дейін ол адамның артынан сауап болып барып тұрады.
– Сіз бір сөзіңізде қазақ жерінде де уақып ретінде қалдырылған жерлер болғанын, большевиктер қазақтың байларын, молдаларын кәмпескелеп, қудалағанда олар ұстап отырған уақып жерлерді де алып қоюды көздеді деген едіңіз.
– Иә, қазақ топырағындағы уақып жерлер мен олардың құжаттары негізінен қожалардың, ишандардың қолында болатын. Кеңес өкіметі «Бүкіл жер – шаруаларға, зауыт-фабрикалар – жұмысшыларға» деген ұранмен байлардың, қожа-молдалардың бәрін итжеккенге айдап, көздерін жойғаннан кейін, қараусыз қалған сол уақып жерлердің бәрін мемлекет иелігіне қайтарып алды. Бұл бұлтартпас тарихи шындық.
Біздің топырақта уақып жерлердің болғандығының бірден-бір дәлелі – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Мен оны кесене дегеннен гөрі «Қожа Ахмет Яссауи Ислам мәдени орталығы» деп айтқан жөн бе деп ойлаймын.
Өйткені, Әмір Темір 1397-1405 жылдары Қожа Ахмет Яссауиға арнаған мешіт-медресесін тұрғызып қана қоймай, артына «уақыпнама» қалдырғаны жөнінде деректер бар.
Кеңес үкіметі кезінде сол мовзолейдің алдындағы ағаштар шығып тұрған жерін жөндеп жатқанда Әмір Темірдің 3 мың күміс ақшасы мен хатын тапқан. Онда: «Осы хатты тапқан адам кесененің аяқталмай қалған жерін аяқтасын», – деп жазылған екен. Ол уақыпнама жайлы М.Е. Массонның «Қожа Ахмет Иассауи кесенесі» атты еңбегінен оқып танысуымызға болады.
Мешіттің жанында моншасы, қонақ үйі, бау-бақша егілген алқабы бар еді. Дүйсенбі және бейсенбі күндері тайқазанға «халим» дейтін тамақ пісіріліп, таратылатын. Қарап отырсаңыз, нәпіл ораза ұстайтын күндер. Одан «кедейдің бір тойғаны – бір қуанғаны» дегендей, жоқ-жітік адамдар тамақтанған. Мешітте үздіксіз Құран оқып отыратын имамы, уақыпқа жауапты адам (мүтәууәли) да болған.
Яғни бұл кесене мешіт қана емес, жанында өз шаруашылығы бар үлкен кешен болғанын тарихи деректер растап отыр. Ол сырттан көмекке мұқтаж емес еді, керісінше, өз-өзін материалдық жағынан қамтамасыз етіп қана қоймай, халыққа да қайырымдылық істерін жасап отырған.
Біздің жерімізде уақыптың болғандығын дәлелдейтін құжаттарға қарап отырсақ, мына жайттарға куә боламыз: ең әуелі бұл «Насаб-нама» тарихы. «Насаб-нама» қазақ жеріндегі Ислам миссионерлері – қожалардың шежіресі болумен қатар, уақып жерлерінің құжаттары ретінде ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған.
Сол сияқты 19-20 ғасырларда қазақ зиялылары Ресей отаршылдығына қарсы тұрудың бірден-бір жолы – халықтың ұлттық, саяси сауаттылығын арттыру деп біліп, уақыптың оқу-ағарту саласын дамытты деп сенімді айта аламыз.
Меценат қазақ байларының қолдауымен ұлттың үнжариясы болған «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттері, «Айқап», «Абай» журналдары жарық көрді. Бұл да уақыптың бір түріне жатады.
Олардың қатарында семейлік Қаражан Үкібаев, шыңғыстаулық Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Қарқаралы өңірінен Хасен Ақаев, ағайынды Бекметевтер, Ыбырай Ақпаев, жетісулық Маман байдың балалары, торғайлық Мұстафа Оразаев, қобдалық Иса Көпжасаров, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Тобанияз Әлниязовтарды ерекше атап өтуіміз керек.
Ол кезде Ресей империясы қазақтың арасында өз саясатын жүргізу үшін негізінен татарлардан сайланған «указной молдаларды» тағайындағаны белгілі. Бірақ, қазақ байлары олардың қитұрқы пиғылын түсініп, Бұхарада, араб елдерінде, Ресейдің діни оқу орындарында оқып келген қазақ зиялыларына қолдау білдіріп, жағдайларын жасап, мешіт-медресе салып берген. Еліміздің әр аймағында «Мамания», «Қазақия», «Ғақлия» секілді медреселер де сол ауқатты адамдардың қолдауымен тұрғызылған. Осылайша орыстың басқыншыл саясатына тойтарыс беріп отырған. Қазақ байларының дін ісіне және молдаларға жасаған бұл қайырымдылығы да уақыпқа жатады.
Тарихи факт ретінде белгілі қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы КСРО елшісі ретінде атқарған жұмысын да айта кеткім келіп отыр. Ол Кеңес Одағы мен Арабстан арасында байланыс орнату бойынша көп жұмыс істеген еді. Сонда қос мемлекет екі мәселеде келісе алмаған екен. Саудия тарапы «КСРО-дағы уақып жерлерге тиіспейсіңдер және жылына 3 мың қажы жіберіп тұрасыңдар» деп талап қойыпты. Бірақ, әрине, Кеңес үкіметі бұл талаптарды орындаудан бас тартқан.
Нәзір Төреқұловты елге шақырып алып, «пантюркист», «халық жауы» деп атып тастағаннан кейін Сауд Арабиясы осыған наразылық білдіріп, КСРО-мен байланысын 50 жылдан астам уақытқа үзгені белгілі.
– Біздің елімізде бірнеше жыл бұрын «Уақып» қоры құрылғанын білеміз. Ол қандай жұмыспен айналысады?
– Елбасы пәрменімен 2017 жылғы 1 шілдеде «Уақып» қоры әділет органдарында тіркеуден өтті. Дәстүрлі рухани-моральдық құндылықтарды дамыту, мемлекеттің зайырлы негіздерін нығайту және дінді деструктивтік мақсатта қолдануға жол бермеу, сонымен қатар, діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандар құрылысын бірлесіп салу, діни ұйымдардың қызметкерлеріне қолдау көрсету, олардың біліктілігін арттыруға көмектесу – қордың мақсаты ретінде белгіленді.
Оған ең алғаш болып «Тұңғыш Президент» қорынан қаржы аударылуы Елбасымыздың осы іске үлкен қолдау білдіріп отырғанын көрсетеді. Қор ашылғалы аз уақыт болса да, көптеген жақсы істерге мұрындық болуда.
«Уақып» қоры ҚМДБ-мен тығыз байланыс орнатып, соңғы кездері ауыл мешіттерінің имамдарына материалдық көмек беруде. Бұл шараға халқымыз зор алғыс сезіммен қолдау білдіріп отыр.
Негізінде, әлі де болса уақып ісін дамыту үшін Ислам елдеріндегі уақып институттарына анализ жасап, сараптап, елімізге, қоғамымызға лайықты модель жасауға мүдделіміз.
– Сол өзге мұсылман елдерінде уақыптың қандай түрлері жұмыс істеп жатыр?
– Уақып ісі мемлекеттік деңгейде дамыған елдердің бірі – Түркия. Дін саласы туралы айтатын болсақ, мешіт имамдарына толықтай жалақы беріледі.
Түркия дін істері министрлігі қаражатының 30 пайызын мемлекет бөлсе, қалған 70 пайызы уақыптан түседі.
Түркияда уақыпты мемлекеттік және жекеменшік сектордан кейінгі «үшінші сектор» деп атайды. Оған қарайтын зауыттар, сауда орталықтары жұмыс істейді. Егер уақып орталықтары шаруашылықпен айланысса, белгілі бір жеңілдіктер беріледі. Өйткені, ол біреудің жеке мүлкі емес, қоғамға ортақ мақсатта жұмыс істеп жатыр. Осындай жеңілдіктер уақыптың дамуына үлкен септігін тигізіп отыр.
Бір мысал айтайын. Түркияда «Жегендей болдым» («Sanki yedim») деп аталатын мешіт бар. Бір адам алыс жерден қалаға келіп, жұмыс істейді екен. Түс кезінде ауқаттанып алу үшін тамақ ішетін жерге барып, тамаққа қарап тұрады да: «Жегендей болдым», – деп кетіп қалатын. Үйіне барған соң, тамаққа жұмсамаған ақшасын бір жәшікке сала беріпті. 20 жылдан кейін сол ақшасы бір мешіт салатын сомаға жетіп, Ыстамбұлдың ішінен жер алып, құлшылық үйін тұрғызған.
Бұл оқиға үйімізде қарапайым жәшік арқылы да уақып істеуге болатындығын айғақтап тұр.
Мысалы, Пәкістанда мынадай уақып түрі бар. Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас беру, қонақасы секілді жиындардан кейін арнайы уақып ұйымының адамдары келіп, желінбей қалған таза тағамдарды ыдыстарға салып, жетім-жесірлерге таратып шығады. Бұл бір жағынан қайырымдылық көмек болса, екінші жағынан ысырапшылдықтың алдын алады.
Әңгімемнің басында 14 ғасыр бұрын хазіреті Османның (р.а) мұсылмандарға құдық сатып алып беріп, уақып еткені және оның жанынан егілген құрма бағы әлі күнге дейін қайырымдылық жолында қызмет етіп жатқанын айттым ғой. Осы сияқты бүгінгі күні де, Мәдинада құрма егу деген уақып түрі бар. Қажылыққа барған адамдар құрма талын сатып алып, оны отырғызады. Оның жемісі жетімдерге жұмсалады. Яғни бұл да сауапты іс жасаған адамның артынан келіп тұратын үзілмейтін садақа болып табылады.
Біздің посткеңестік кеңістік туралы айтсақ, 1999 жылы Татарстанда уақып туралы заң жобасы дайындалып, Ресейдің Мемлекеттік думасына жіберілген екен. Бірақ, орыс парламентарийлері «Біз зайырлы мемлекетпіз» дегенді алға тартып, бұл заң жобасын қабылдамай тастады.
– Біздің елімізде уақып ісін дамыту үшін не жетіспей жатыр? Не істеуіміз керек?
– Уақып – елімізде әлі де тереңнен қозғалмай жатқан үлкен тақырып. Алла елшісі (с.ғ.с.) өз сөзінде: «Кімде-кім менің ұмытылған сүннетімді тірілтсе, оған 70 шейіттің сауабы жазылады», – деген. Қазір сондай уақыт болып тұр. Кім уақыптың қайтадан өмірімізге енуіне себепші болып жатса, оған мол сауап болмақ.
Әлі күнге дейін халқымыз уақыптың не екенін түсінбейді. Бірақ, бұл уақыттың еншісіндегі нәрсе деп ойлаймын. Бұрын «халалды» да көп адам біле бермейтін болса, қазір ол бәріне белгілі дүние. Сол сияқты уақыптың қандай маңызды қайырымдылық түрі екенін отандастарымыз түсінетін күнге де жетеміз.
Ең бастысы, алдағы уақытта Парламентте уақып туралы заң қабылдауымыз керек. Сол арқылы уақып ісі мемлекет тарапынан реттеліп отырса, оның дамуына зор ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.
Қазіргі күні елімізде «Нұр Мүбарак» университеті мен мешіттердің бәрі де уақып ретінде салынып, жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қолға алған «Ел үлесі – пәтерге», өзім құрылуына атсалысқан «Харекет» қорлары да осы уақып ісімен шұғылдануда.
Сарыағаштағы Смановтар медресесі – нағыз уақып жүйесімен жұмыс істеп тұрған білім мекемесі. Оның өз шаруашылығы да бар. Шәкірттерге білім беріп қана қоймай, еңбекке де баулиды.
Өзім көп жылдан бері уақып тақырыбын теориялық тұрғыда зерттеумен қатар, практикалық жағынан да іске асырумен айналысып келемін. Алматыдағы жерлестермен бірігіп «Тарбағатай» имандылық-қайырымдылық қорын ашқан болатынбыз. Бұл қор көп ауылдарда мешіттердің салынуына, шығыстағы елді мекендерді су басқанда әлеуметтік көмек көрсету шараларына мұрындық болды.
Өткен жылы да «Қазақстан» деп аталатын ауылда мешіттің салынуына атсалыстық.
Алматыдағы «Бекет ата» мешітінде арнайы уақып қорын ашып қойдық. Арнайы акцияларға қатысып, мұқтаж жандарға азық-түлік апарып беру шараларына араласып тұрамыз. Кешегі Мақтаарал оқиғасы кезінде біздің қорымыз халыққа өз көмегін берді.
– Әңгімеңізге рахмет! Алла істеріңізге береке берсін!
Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ
Аллаһ разы болсын ұстаз!! Ендігі мақсат уақыпты халықтың санасына отырғызу!!!
Әмин!