Бірнеше жыл бұрын елімізде Президент жарлығымен «Уақып» корпоративтік-қайырымдылық қоры құрылды. Қазір аталған қор Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында жұмысын жүргізіп жатыр. Жалпы, «Уақып» дегеніміз не? Оның елге қандай пайдасы бар? Біз қор басшысының кеңесшісі, ұзақ жылдан бері осы тақырыпты зерттеп жүрген исламтанушы Қуат ҚАБДОЛДАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Қуат аға, ең алдымен «уақып» сөзіне түсініктеме берсеңіз?
– Дінімізде «уақып» деп белгілі бір мал-мүлікті көп мәрте қайырымдылық жолында пайдалануды айтады. Мысалы, халыққа үй, көпір салып беру, ағаш отырғызу, бау-бақша егу, құдық қазып беру, т.б. Бұл – үзілмейтін садақа. Ол мүлікті мешіттер мен медреселер, жекелеген адамдар, оның ішінде пақыр-міскіндер, жетім-жесірлер, басқа да мұқтаж жандар пайдаланады. Уақыптың үш түрі бар. Олар – діни уақып, қайырымдылық уақыбы және арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып.
Діни уақып деп қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына арнап жұмсауды айтады. Мысалы, қазір елімізде дәулетті адамдар мешіт салып, құлшылық орындарына көмек беріп жатыр. Бұл – таза діни уақып.
Қайырымдылық уақыбы (Батыста «pһіlаntrоріс» деп айтады) дегеніміз – жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне (денсаулық сақтау, мәдени іс-шаралар, оқу, қоғамдық, қауіпсіздік салалары) арнау. Бұған, жоғарыда айтқандай, халыққа үй, көпір, басқа да орындар салып беру секілді қайырымдылық ісі жатады.
Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып деп пайғамбар сахабалары ойлап тапқан уақып түрін айтамыз. Олар уақыпты әуелі өз ұрпағына, сосын қайырымдылықтың жалпы түріне арнаған еді. Мысалы, бір адамның дүкені болса, оны ұрпақтарына қалдырып: «Осыдан түскен табысты екіге бөліңдер. Жартысын қайырымдылыққа жұмсап, жартысын өздерің пайдаланыңдар», дейді. Яғни бұл жерде ұрпағының да жағдайына қарайласу, сонымен қатар уақыпты жалғастыру ниеті жатыр.
– Исламдағы уақыптың тарихы қай кезден басталады?
– Уақып – пайғамбар сүннеті. Алла елшісі (с.ғ.с.) өзіне сыйға берілген «Фәдәк» дейтін бау-бақшасын уақып ретінде халыққа пайдалануға қалдырған. Хадисте мына оқиға айтылады: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) Хайбар соғысында бір жерді иемденген еді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жерге қатысты маған қандай әмір бересіз?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер қаласаң, ол жерді уақып қыл да, одан түскен пайданы садақа қылып отыр», дейді». Ислам тарихшылары бұны «ең алғашқы уақып» деген.
Одан бөлек, хазреті Османның (р.а.) яхудиден сатып алған құдығы қазіргі күнге дейін Мәдина қаласында пайдаланылып келеді. Ол жерде халифаның құрма бағы да бар. Одан түскен қаражат сол заманнан бері пайғамбар мешітінің қажеттілігіне жұмсалып жатыр.
– Сіз бір сөзіңізде қазақ жерінде де уақып ретінде қалдырылған жер көп болғанын айтып едіңіз…
– Иә, қазақ топырағындағы уақып жер мен олардың құжаттары негізінен қожалардың, ишандардың қолында еді. Кеңес өкіметі «Бүкіл жер – шаруаларға, зауыт-фабрикалар – жұмысшыларға» деген ұранмен байлардың, қожа-молдалардың бәрін итжеккенге айдап, көзін жойғаннан кейін, қараусыз қалған сол уақып жердің бәрін мемлекет иелігіне қайтарып алды. Бұл – бұлтартпас тарихи шындық.
Біздің топырақта уақыпқа берілген жерлердің болғанының бірден-бір дәлелі – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Әмір Темір 1397–1405 жылдары Ясауиға арнаған мешіт-медресесін тұрғызып қана қоймай, артына «уақыпнама» қалдырғаны жөнінде деректер бар.
Кеңес өкіметі кезінде сол мавзолейдің алдындағы ағаштар шығып тұрған жерін жөндеп жатқанда Әмір Темірдің 3 мың күміс ақшасы мен хаты табылған. Онда: «Осы хатты тапқан адам кесененің аяқталмай қалған жерін аяқтасын», деп жазылған екен. Ол уақыпнама жайында М.Е.Массонның «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты еңбегінен оқып танысуға болады.
Мешіттің жанында моншасы, қонақүйі, бау-бақша егілген алқабы бар еді. Дүйсенбі, бейсенбі күндері тайқазанға «халим» дейтін тамақ пісіріліп, таратылатын. Одан «кедейдің бір тойғаны – бір қуанғаны» дегендей, жоқ-жітік тамақтанған. Мешітте үздіксіз Құран оқып отыратын имамы, уақыпқа жауапты адам (мүтәууәли) да болған. Яғни бұл кесене мешіт қана емес, жанында өз шаруашылығы бар үлкен кешен болғанын тарихи деректер растайды. Ол сырттан көмекке мұқтаж емес, өз-өзін материалдық жағынан қамтамасыз етіп қана қоймай, халыққа да қайырымдылық ісін жасап отырған кешен еді.
ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ зиялылары отаршылдыққа қарсы тұрудың бірден-бір жолы – халықтың ұлттық, саяси сауатын арттыру деп біліп, уақыптың оқу-ағарту саласын дамытты деп сенімді айта аламыз. Меценат қазақ байларының қолдауымен ұлттың үнжариясы болған «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттері, «Айқап», «Абай» журналдары жарық көрді. Бұл да уақыптың бір түріне жатады. Олардың қатарында семейлік Қаражан Үкібаев, шыңғыстаулық Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Қарқаралы өңірінен Хасен Ақаев, ағайынды Бекметевтер, Ыбырай Ақпаев, жетісулық Маман байдың балалары, торғайлық Мұстафа Оразаев, қобдалық Иса Көпжасаров, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Тобанияз Әлниязовтарды ерекше атап өтуіміз керек.
– «Уақып» қоры қазір қандай жұмыспен шұғылданады?
– Бұған дейін бірнеше жыл «Уақып» қорына Ардақ Оразбаев есімді азамат басшылық етті. Ол кезде елімізде қайырымдылық мекемелері мен студенттерге арналған жатақханалар ашылып, халыққа көмек беру, игі сауапты істерді ұйымдастыруға атсалысты. Жуырда қорға Азамат Әбдікерімұлы есімді бауырымыз басшы болып келді. Еліміздің әр облысында қордың өкілдері жұмыс істейді. Олардың да қолға алып, бастап жатқан игі бастамалары бар. Қордың негізгі мақсаты – ауыл имамдарына жалақы беру, діни ағарту іс-шараларын жетілдіру секілді бағыттарға үздіксіз қаржылай көмек жасау. Мешіт имамдарына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Сондықтан осы олқылықты қор арқылы толтыру қолға алынған. Сонымен қатар «Уақып» қоры әлеуметтік әл-ахуалды арттыратын жобаларды да қаржыландыру, діни ағартушылық бағытында жаңаша жобаларды жүргізу қызметтеріне басымдық бермек.
Елімізде «Уақып» қорымен бірге жұмыс істеуге ынталанып, оның қызметіне атсалысып жатқан қайырымды азаматтар көп. Меценат, кәсіпкер азаматтар жерлерін, ғимараттарын қоя бастаса, кейбіреуі кәсібінің бір бөлігін «Уақып» қорына ай сайын аударып тұруға келісім жасап, қор тарапынан «уақыпнама» құжатын алып жатыр. Қордың ең негізгі мақсаты – қаражат, жер, ғимараттарды әрі қарай үздіксіз садақаға, яғни классикалық уақып негізіндегі қорға айналдыру. Айта кетсек, осы классикалық ислами уақып қорларынан Батыс елдері ертеден бастап үлгі алып, қазіргі күні оларда «эндаумент қорлары» деген атпен жұмыс істеп жатыр.
– Ал өзге мұсылман елдерінде уақып ісі қаншалықты қолға алынған?
– Уақып ісі мемлекеттік деңгейде дамыған елдердің бірі – Түркия. Дін саласы туралы айтатын болсақ, мешіт имамдарына толықтай жалақы беріледі. Түркия дін істері министрлігі қаражатының 30 пайызын мемлекет бөлсе, қалған 70 пайызы уақыптан түседі.
Түркияда уақыпты мемлекеттік және жекеменшік сектордан кейінгі «үшінші сектор» деп атайды. Оған қарайтын зауыттар, сауда орталықтары жұмыс істейді. Егер уақып орталықтары шаруашылықпен айналысса, белгілі бір жеңілдік беріледі. Өйткені ол біреудің жеке мүлкі емес, қоғамға ортақ мақсатта жұмыс істеп жатқаны белгілі.
Ал Пәкістанда мынадай уақып түрі бар. Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас беру, қонақасы секілді жиындардан кейін арнайы уақып ұйымының адамдары келіп, желінбей қалған таза тағамдарды ыдыстарға салып, жетім-жесірлерге таратып шығады. Бұл бір жағынан қайырымдылық көмек болса, екінші жағынан ысырапшылдықтың алдын алады.
– Елімізде көп адам уақыптың не екенін біле бермейді. Оны халыққа түсіндіру үшін не істеу керек?
– Уақып – бізде әлі де тереңнен қозғалмай жатқан үлкен тақырып. Бұрын халқымыз «халалдың» да не екенін білмейтін еді, қазір бұл – бәріне белгілі дүние. Сол сияқты уақыптың қандай маңызды қайырымдылық түрі екенін отандастарымыз түсінетін күнге де жетеміз.
Қазіргі күні елімізде «Нұр-Мүбарак» университеті мен мешіттердің бәрі де уақып ретінде салынып, жұмыс істеп жатыр. Діни басқарма қолға алып, халықтың көмегімен мұқтаж жандарға үй беріп келе жатқан «Ел үлесі – пәтерге» жобасы, өзім құрылуына атсалысқан «Харекет» қоры да – уақыптың шынайы көрінісі.
Мен көп жылдан бері уақып тақырыбын теориялық тұрғыда зерттеумен қатар, тәжірибелік жағынан да іске асырумен айналысып келемін. Алматыда бір топ азамат «Тарбағатай» имандылық-қайырымдылық қорын ашқанбыз. Бұл қор көп ауылда мешіттердің салынуына, шығыстағы елді мекендерді су басқанда әлеуметтік көмек көрсету іс-шараларына мұрындық болды. Бірнеше жыл бұрын «Қазақстан» деп аталатын ауылда мешіт салуға атсалыстық. Алматыдағы «Бекет ата» мешітінде арнайы уақып қорын аштық. Қайырымдылық акцияларына қатысып, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізуге атсалысып тұрамыз. Уақып негізі бойынша қайырымдылық қорлар ашып жатқан кәсіпкерлерге қолдан келгенше бағыт-бағдар береміз. Атам қазақ «Сұңқар жемін шашып жейді…» демекші, қолында барын елмен бөлісіп, садақаның ең сауапты жолына арнағысы келетін осындай азаматтарымыз көп болса, ел ішінде мұқтаждар мен жоқ-жітік азаяр ма деген үміт мол. Сол күнге жеткізсін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ