Соңғы он жылда елімізде демографиялық даму қарқынды өсіп жатыр. Дегенмен кейбір аймақтарда халық саны керісінше түсіп жатқаны байқалады. Оған әсер еткен негізгі себептер мен факторларды осы саланың маманы, экономист Қуаныш Жаиков айтып берді.
– Қуаныш Жаиков, халық санының одан әрі даму динамикасына не әсер ететінін айтып бере аласыз ба?
– Өңірлердегі халық санының өсу және кему факторларын зерттеу кезінде бірнеше тенденцияларды атап өткен жөн. Біріншіден, жалпы халық санына өңірлердегі табиғи өсім айтарлықтай үлес қосты. Соңғы 10 жылдың ішінде барлық аймақ бойынша өлім-жітім -6%-дан -12%-ға дейін сақталды, әсіресе солтүстік пен шығыс аймақтарда бұл көрсеткіш жоғары болды.
Екіншіден, көптеген өңірде сыртқы миграцияның әсерінен кему процесі байқалды, әсіресе ең жоғары көрсеткіштерді солтүстік аймақтардағы СҚО (-4%), Павлодар (-4%) және Қостанай (-3%) қалалары көрсетті. Ал ең көп өсімді Маңғыстау облысынан (4%) көрдік.
– Ал ішкі миграция халық санының азаюына әсер етеді ме?
– Жамбыл облысынан 200 мыңнан астам, Қызылордадан 100 мыңнан астам адам басқа қалаға қоныс аударған. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, Қазақстанда туудың орташа коэффициентімен санағанда халық саны шамамен 2025 жылы 19,8 млн адамды және 2030 жылы 20,6 млн адамды құрайды. Орташа жылдық өсу қарқыны 1950-2020 жж. шамамен 1,5%-ды құраса, онда 2050 жылға дейінгі кезеңде олар жылына 1%-ға дейін төмендейді.
Ал 2025 жылға қарай халықтың жас айырмашылығына байланысты айтарлықтай өзгерістер күтіп тұр. Яғни 0-4 жас аралығындағы балалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 245 мыңға немесе 13%-ға азаяды, ал 5-14 жас аралығындағы балалар саны керісінше 705 мың адамға немесе 22 %-ға артады, бұл мектепке дейінгі және мектептегі білім беру жүйесіне қосымша жүктеме болмақ.
– Халық саны азайып бара жатқан аймақтар қандай сонда?
– Мысалы Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс-Қазақстан облыстарында халық санының үлесі соңғы онжылдықта тұрақты және өзгермелі күйде болған, ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдай аса күрделі. Бұл өңірлерде халық саны жылдан жылға кеміп жатқанын байқаймыз. Бұл елдегі солтүстік, орталық, шығыс аймақтарға да тиесілі жағдай.
Егін шаруашылығы дамыған аграрлық, ауыр өнеркәсібі шоғырланған индустриалды – Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Семей сияқты қалаларда халықтың өсімі урбанизациялық процестерден, яғни халықтың ауылдан қалаға көші-қонымен ғана байланысты. Сондай-ақ рационалды құңдылықтардың алмасуы және солтүстіктегі басым аймақтардағы славян-еуропалық этникалық топтардың құңдылықтары жалпы жергілікті халықтың туу деңгейіне әсер берген.
– Қуаныш мырза, қазақтар жалпы халықтың қанша бөлігін құрап отыр?
– Зейнеткерлік жастағы халық санының өсуіне байланысты денсаулық сақтау инфрақұрылымына сұраныс артады. Халықтың әлеуметтік жағдайына жауап беретін мекемелер мемлекеттік жобаларды әзірлеу кезінде жоғарыда айтылғандарды ескеру қажет деп ойлаймын, ал жұмыс берушілер еңбек нарығының жаңа жағдайларына бейімделуі керек.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – халықтың этникалық құрылымы. 2018 жылы қазақтар – 68%, орыстар – 19,3%, өзбектер – 3,2% құрады. Этникалық топтар санының өзгеруіне байланысты 2025 жылға қарай қазақтар жалпы халықтың 71,6%-ын құрайды, ал орыстар мен басқа этностардың үлесі азаяды. Бұл еліміздің моноэтникалық болуына ұзақ мерзімде ықтимал етуі мүмкін.
Қазақ ұлтының саны еліміздің батысында, оңтүстігінде және шығысында көп шоғырланған, ал солтүстік пен орталықта төмен деңгейде орналасқан. Атап айтар болсақ, Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарында 90 %-дан жоғары, солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысында орыстардың үлесі шамамен 50 %-ға дейін жетеді.
– Құнды ақпараттармен бөліскеніңізге рақмет!
Балжан ӘБДІРАШ