Алматы облысы – еліміздің оңтүстік-шығысындағы ең халқы көп әкімшілік бөлік. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бұл аймақта діни бірлестіктер мен мен конфессия саны он есеге артқан. Осыған орай аймақтың ұлтаралық, дінаралық ахуалы, имамдарының білім деңгейі, аймақта жаназа және теріс ағыммен күрес жұмыстары мен Үшқоңыр медресе-колледжі жайлы Алматы аймағының Бас имамы Қуаныш Наржановпен сұхбаттасқан едік.
Имамдардың білімін жетілдіруге көңіл аударамыз
– Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында адамзаттың асыл қазынасы – дінге қатысты ойлар назардан тыс қалмаған. Дін – аса мұқияттылықты, терең зерттеуді, жоғары сауаттылықты, әсіресе, жан тазалығын қажет етеді. Осыған байланысты имамдарының діни сауаты мен білім деңгейі қаншалықты?
– Алла Тағала ең алдымен елімізге жарқын болашақты, иманды ұрпақ пен рухани тазалықты нәсіп етсін! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыты ағартушылық болғандықтан, әрдайым имамдардың білімін жетілдіріп отыруға үлкен көңіл аударылады.
Қазіргі таңда ҚМДБ имамдардың діни сауатына ерекше мән беруде. Олардың білімін арттыру мақсатында жиі-жиі семинарлар, курстар мен тренигтер өтуде. Алматы өңіріне қарасты қала-ауыл имамдарының білім деңгейі ұдайы тексеріліп, білімі төмен имамдар Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтына жіберіледі.
Екі көпір мен екі құдық халық игілігіне берілді
– Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Сауабы мол бұл бағытта аймақта қандай шаралар жасалуда? Жалпы, аймақтың діни ахуалы қалай?
– Қайрымдылық шарасы аудан, ауыл-аймақтарда белсенді түрде жүріп жатыр. Ең басты мұқтаж жандарды назарға алудамыз. Оларды азық-түлікпен, оқушыларды оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ, үй салып беру секілді игі шаралар жасалынуда.
Биыл Алматы өңірінде 2 көпір және 2 құдық халық игілігіне берілді. 6 баспана құрылысы аяқталып, мұқтаж отбасыларға салтанатты түрде тапсырылды. Құрбан айт мейрамында жағдайы төмен 8416 отбасыға құрбандық еті таратылды.
Жалпы аймақтың діни ахуалы дұрысталып келеді. Мешіттерде тұрақты дәрістер, насихат жұмыстарының жүруі нәтижесінде жамағаттардың білім деңгейі де жоғарылады. Бүгінде онлайн форматта діни дәрістер өткізіліп жатыр.
Әдет-ғұрыпқа байланысты жиындар имамдарсыз өтпейді
– Имамдардың дінмен қатар жергілікті дәстүр туралы білімі қандай?
– Дін саласында имамдар мен ұстаздар белсенді қызмет атқаруда. Олардың дәстүр жайлы білімі жоғары деп айта аламын.
Оған қоса діни оқу курстарында дін мен дәстүр сабақтары өткізіледі. Имамдарымыз дін мен дәстүрді байланыстырып тең дәрежеде насихаттап келеді.
Ел ішіндегі қазақи әдет-ғұрпымызға байланысты жиындар имамдарсыз өтпейтіні анық. Олар: нәрестені «Қырқынан шығару» (азан айтып, ат қою), «Шілдехана», «Сүндеттеу», «Тұсау кесу», «Неке қию», т.б. Одан басқа Наурыз мейрамы, көрісу, тасаттық, асарлату секілді жиындар шариғатпен тығыз байланысты.
Қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін аят-хадиспен байланыстырып уағыз-насихаттарын айтып, жеткізуде.
Жастар үшін мемлекеттік идеология қажет
– Биыл – Еріктілер жылы. Шартарапқа жайылған «тәжтажал» індеті кезінде жастар арасында рухани құндылықтардың әлсірегені байқалады. Сіздің ойыңызша, бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Жалпы жастардың рухын көтеру үшін мемлекеттік жақсы идеология қажет. Олардың ұлтжанды, тілі мен дініне берік болуы үшін қарқынды жұмыс істеу керек. Сондай-ақ, жастарға әлеуметтік желілер мен теледидарда рухани құндылықтар жайлы мәліметтерді жеткізе білу қажет деп ойлаймын.
Жаназаға қатысты 10 талап
– ҚМДБ бекіткен «Уағыз-насихат жүргізу» бағыты бойынша карантин жағдайында аймақта жаназа жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Жалпы, аймақта жаназа кезінде елдің қалауына байланысты имамдар насихат жұмыстарын жүргізетін. Ал, мына індет кезінде насихат жұмыстары біраз қысқартылғаны белгілі. Елде санитарлық қызметтерді сақтау, бетпердені міндетті түрде тағу жайлы айтылып, арақашықтықты сақтай отырып жаназа рәсімдері өтуде. Осыған байланысты, қара жамылып отырған шаңырақпен ақылдаса отырып, жаназа рәсімдерін жүргізіп отырған жайымыз бар.
Қауіпті індеттің әлемдік ауқымда таралғаны бәрімізге мәлім. Дәрігерлердің айтуынша, пандемия кезінде әр адам санитарлық гигиена талаптарын қатаң сақтауы тиіс, сондай-ақ көпшілік жиналатын жерлерге барудан бас тартуы қажет. Сондықтан да азалы жиынға жұқпалы ауру тараған кезде көпшілік болып жиналу еліміздегі санитарлық тәртіпке қайшы.
Мұндай жағдайда жаназа намазы мен жерлеу жұмыстарын марқұмның ең жақын туыстарымен өткізген дұрыс. Өйткені, қайтыс болған мұсылманға жаназа намазын оқу – парыз кифая. Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес, жалғыз имам оқыса да жеткілікті.
Әрбір адам өз өмірі мен денсаулығын сақтау – парыз. Сондықтан пандемия кезінде жаназа намазы мен жерлеуге қатысты төмендегі шаралар орындалып жатыр:
-
Мәйітті жуу, кебіндеу, жаназа намазын оқу мен қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу;
-
Жаназа намазын жолда, халық көп жиналатын жерде, қоғамдық орындарда өткізбеу;
-
Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмау;
-
Зейнет жасындағы кісілерді, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарды, сондай-ақ мектеп жасындағы балаларды жаназа намазына қатыстырмау;
-
Жаназа намазын ең ұзақ 5 минут ішінде өткізу, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай, жылдам қайтару;
-
Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдар міндетті түрде бетперде тағу, қол алысып амандаспау;
-
Кең көлемде дастархан жайып, ірі-қара мал союды доғару;
-
Имамдар адамдармен арақашықтықты сақтап, сақтық шараларын естен шығармау;
-
Қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтатып, марқұмның басына белгі қоюмен шектелу;
-
Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы, т.б. құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтату.
Ислам ұлтқа бөлінбейді!
– Алматы облысы – көп ұлт өкілдері қатар қоныстанған өлке. Қазіргі таңда облыстағы ұлтаралық, дінаралық ахуал қалай?
– Асыл дініміз ұлтқа, дінге бөлінгенді құптамайды. Сол себептен бірлік пен ынтымақ туралы насихат жұмыстары көп айтылуда.
– Аймақтағы діни бірлестіктер қызметі қалай, сондай-ақ шіркеулермен байланыс орнатып тұрасыздар ма?
– Аймақта конфессия және діни бірлестіктермен қызмет ҚМДБ-ның ұстанымы бойынша жүріп жатыр. Шіркеу қызметкерлерімен семинарларда жиналып, байланысып та тұрамыз.
Ханифа мәзһабына оралып жатқандар көбеюде
– ҚМДБ-ның «Теріс ағыммен күрес» бағыты бойынша қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?
– ҚМДБ-ның «Теріс ағыммен күрес» бағыты бойынша жеке кездесулер мен түсіндіру шаралары өтіп тұрады. Оңалтуға байланысты әр ауданда жауапты қызметкерлер бар.
Олар жалпы және жеке кездесулерін заман талабына сай онлайн форматта, Instagram, Facebook, ВК, WhatsApp, Zoom, Telegram желілері арқылы жүргізіп жатыр. Қысқаметражды роликтер дайындап, тікелей эфирге шығып, насихат жұмыстарын барынша арттырып келеміз. Алматы облысына қарасты Taukell.kz парақшасында аптасына 5 күн жүйелі түрде насихат айтылуда.
Осы жылдың есебі бойынша қазіргі таңда теріс ағымнан сақтандыру мақсатында, жалпы 173 кездесу өтіп, 9667 адам маңызды ақпараттармен танысты. 75 жеке кездесу өткізіп, оның ішінде 14 теріс ағым мүшесі райынан қайтты.
Дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына қызығуышлық танытып, мәзһабымызға оралып жатқандар саны күннен-күнге артуда. Бұл да, ҚМДБ-на қарасты дін қызметкерлерінің ерен еңбегінің нәтижесі.
Талапкерлер саны артуда
– Алматы аймағына қарасты Үшқоңыр медресесі жұмыстарына тоқталып өтсеңіз? Қанша шәкірт білім алып жатыр?
– Үшқоңыр медресе-колледжі 2015 жылы құрылған. Мемлекеттік лицензиясына сәйкес, колледж «Исламтану» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру саласында қызметін жүзеге асырып келеді.
Қабылдау негізгі (9-сынып) және жалпы орта (11-сынып) білім базасында жүргізіледі. «Исламтану» мамандығында «Имам-хатиб», «Исламтану пәнінің мұғалімі» біліктіліктері беріледі.
2020–2021 оқу жылындағы студенттер саны – 375. Биыл колледжге 135 шәкірт қабылданды. Олардың көбі Алматы облысы мен алыс шалғайдағы облыстардан келген. Жылдан-жылға талапкерердің саны артуда, бұл жақсы жаңалық.
Биыл бітірген түлектер арасынан 10 қыз бала «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетіне, 1 қыз бала Лондондағы жоғарғы оқу орнына «Дінтану» мамандығы бойынша грантпен оқуға түсті. 6 ұл Түркия Республикасының «Хасеки» академиясына қабылданды. Қалғандары қызметке орналасты.
Жалпы студенттер облыстық және республикалық түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Бір қызымыз ғылыми зерттеу жобасы бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Бас жүлде грантының иегері атанды.
Шығармашылық байқаулар, дәстүрлі іс-шаралар, спорт секциялары, үйірме жұмысы мен клубтарда 249 студент қамтылған.
Жомарт жандар мешіт салуда
– Аймақтағы ауылдарда халықты имандылыққа баулитын мешіт саны жеткілікті ме, ондағы жамағаттың дінге деген көзқарасы қалай?
– Аллаға мың да бір шүкір, жомарт жандардың арқасында ауыл-аймақтарда мешіттер салынуда. Дегенмен, халықтың дінге деген құлшынысы артқанына қарамастан, мешіттер саны жеткіліксіз.
Жоспарым – медресе ғимаратын үлкейту
– Қуаныш Бақытбекұлы, алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы жоспарым – Алла қаласа «Үшқоңыр» медресе-колледжінің ғимаратын үлкейту. Өйткені, медресеге оқуға ниет білдірген шәкірттер саны жылдан-жылға артуда.
Болашақта Алматы аймағында мешіт пен медреселерді көбейтіп, ол жерден еліне, жеріне, тілі мен дініне аянбай қызмет ететін тұлғалардың көп болып шығуын тілейміз. Алла Тағала сол күндерге жеткізсін!
– Әңгімеңізге рахмет! Игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін!
Cұхбаттасқан Руслан БЕГЕН