Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында өңірдегі мемлекеттік тілде оқыту мәселесі туралы айтты.
– Қостанай облысында жалпы контингенті 111 818 оқушысы бар 445 мемлекеттік мектеп жұмыс істеп жатыр, оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарда оқушылардың 27,3% білім алып отыр.
Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен балалар контингентін ұлғайту мәселесі облыс әкімдігінің күн тәртібінен түскен емес. Мемлекеттік тілде білім алушылар контингентін ұлғайту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілде білім беру ұйымдарының желісін және білім алушылар контингентін ұлғайту жөніндегі жол картасы үшінші жыл іске асырылып жатыр.
Үш жыл ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілде оқытатын 61 топ ашылды. Сонымен қатар аталған картаға сәйкес, 2022-2023 оқу жылында орыс тілінде оқытатын Қостанай қаласының физика-математика лицейі, Қостанай ауданының Майкөл ЖББМ, Жуков НОМ және Рудный қаласының № 12 ЖББМ және № 4 мектеп-лицейі іспетті 5 мектепте қазақ сыныптары ашылды. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы №115 аралас тілде білім беретін мектебі толықтай мемлекеттік тілге көшірілді, – деді әкім.