Бүгін, қасиетті жұма күні елорда іргесіндегі Қосшы қаласында жаңа мешіт ашылды. Құлшылық ордасының ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Алдымен қасиетті Құран Кәрім аяттары оқылып, Бас мүфти дұға жасады. Сонымен бірге, жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
«Мешіт сөзі араб тілінен енген, «сәжде ететін, құлшылық жасайтын орын» дегенге саяды. Егер мұсылман пенде шамасы келгенше бес уақыт намазын үзбей мешітте оқып, бүкіл ғұмырын мешіт пен үйінің және жұмыс орнының арасында өткізсе, күні ертең Махшар алаңында қуанышқа бөленеді. Ал мешіттің бой көтеруіне атсалысқан әрбір адам, соған тілеулес болған жандар да мол сауапқа кенелмек. Тағы бір ғалымдар жүрегі мешітке байланған адам турасында ол тек құлшылық тұрғысынан емес, жалпы мешіттің жұмыстарына атсалысу дейді. Яғни, қыста қарын тазалау, отын-суына жәрдемдесу, мешіттің керегіне жарап тұру. Міне, бұл да – мешітке деген махаббат» деді ҚМДБ Төрағасы.
Бұдан кейін Бас мүфти мешіт имамына арнайы сыйын табыстап, ғимарат құрылысына атсалысқан азаматтарға алғыс хат табыстады.
Ашылу рәсімінен кейін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа мешітте жұма уағызын айтып, алғашқы жұма намазын жамағатпен бірге оқыды. Намаздан кейін Қосшы жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі.
Айта кетейік, сыйымдылығы 500 адамдық мешітке «Ондыбай ата» аты берілді.