Оқу-ағарту министрлігі кибербуллингтен қорғану ережелерін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі күні балалар мен жасөспірімдер интернетте және әлеуметтік желілерде қорлаудың түріне, яғни кибербуллингке тап болып жатады. Осы ретте кибербуллингтен қорғанудың негізгі ережелері туралы айтпақпыз.
Кибербуллингтен қалай қорғануға болады?
– Интернетте жарияланған жеке ақпарат, мысалы, үйіңнің мекенжайы мен ұялы телефон нөмірің, мектебіңнің нөмірі, оқитын сыныбыңның фотосуреттері, электронды пошта, құпия сөздер және т.б. өзіңе қарсы қолданылуы мүмкін екені есіңде болсын.
– Желіде бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасаудың салдары қауіпті болуы мүмкін. Мысалы алдау, жеке және үй мүлкін тонау, жеке деректерді, банк шоттары және т.б. бұзу.
– Бейтаныс адамдар жіберген сілтемелер сенің жеке компьютерің мен басқа да гаджеттеріңе зиянын тигізуі мүмкін.
– Цифрлық әдеп ережелерін сақта. Виртуал ортадағы қарым-қатынаста сыпайы, ақкөңіл, қайырымды болу керек. Сұқбаттасушыларға құрметпен қарап, оларға тек позитив хабарламалар мен суреттер жіберген дұрыс.
– Желідегі қарым-қатынаста әзілді қолдан. Бұл кез келген агрессияға қарсы тұрудың ең күшті қаруы.
– Сұқбаттасушыны өзіңе қарсы қоймау үшін жағымсыз хабарламаларды жауапсыз қалдыр.
– Қажет болса жағымсыз хабарламалардың скриншоттарын түсіріп, ересектерден, ата-анадан, мұғалімдерден, туыстардан көмек сұра.
– Тек қана тексерілген ақпаратты жолда.
– Агрессия мен қорқытуды елемеген жөн. Интернет байланысында қысқа үзіліс жасап, негатив көзінен және жалпы желілерден ажыра.
– Ренжіткендерді қара тізімге қос та, желідегі түсініктемелерді өшір. Ол үшін «елемеу» немесе «қара тізім» батырмасын бас.
– Егер қорқыту жалғасса, өзің сенетін адамдардан (ата-ана, туыс, сынып жетекшісі, мектеп психологы немесе әлеуметтік педагог) көмек сұра.
Оқу-ағарту министрлігі балаларға егер кибербуллингке ұшыраса, үнсіз қалмау керегін ескертті.
Мұндай жағдай болса, онда Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 8 (7172) 74 25 28 сенім телефондарына қоңырау шалуға болады.