Үндістанның Джамму және Кашмир штатындағы Садивара ауылының әкімі Фарук Ахмет Ганаи өз елді мекенінің айналасында тау болып жиналып қалған қоқысты тазартудың өзіндік және тиімді тәсілін ойлап тауыпты. Ол пластик және полиэтилен қалдықтарын алтынға айырбастауды жөн деген шешімге келген.
Сол үшін салмағы 5 және 10 граммдық арнайы тиындар шығарылыпты. 5 граммдық тиынды алу үшін бір тонна пластик қалдықтарын жинап, қайта өңдеуге тапсыру керек, ал 10 граммдық тиын үшін екі тонна қоқыс жинауың қажет.
Бір қарағанда бір тонна қоқыс жинау қиын болып көрінгенімен, әкімнің идеясы ауыл тұрғындарын ынталандырып жіберген. Екі аптаның ішінде 1 шаршы шақырым аумақтағы қоқыс үйінділері толықтай тазартылған. Сонымен бірге Пранигам өзені қоқыстан аршылған.
Енді Фарук Ахмет Ганаи өз ауылын қоқыстан ада елді мекен деп мақтанышпен айта алады. Аудандағы басқа да 35 ауылдың басшылығы одан үлгі алып, өз мекендерінде де осындай бастаманы көтеріп жатыр.