Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жуырда ғана бас имамдық қызметке тағайындалған Мадияр Пірімқұловтың төрағалығымен алғашқы алқалы жиын өтті.
Имамдар Діни басқарма бекіткен 7 бағыт бойынша 2022 жылдың екінші жарты жылдығына арналған жұмыс жоспарын пысықтады. Атап айтқанда, әр бағытқа жауапты дін қызметкерлері оқу-ағарту, уағыз-насихат, уақып және қайырымдылық, насихат және қоғаммен байланыс, әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану және жат ағымдармен оңалту жұмысын күшейту жолдарын ұсынды.
Сондай-ақ бас имам жарты жылдықта және Құрбан айт мерекесінде атқарылған іс-шараларға жеке-жеке тоқталды. Одан бөлек жоғары діни білімді кадрлардың санын арттыруға басымдық беру, медресе түлектерін өңірлерге тарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында Алматы аймағы өкілдігінде 6 жыл бас имам болған Қуаныш Бақытбекұлына имамдардың атынан құрмет көрсетіліп, қазақы салтқа сай иығына шапан жапты.