Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған шағын көлемді Құран қолмен жазылып, кітапша форматында көбейтілген. Қасиетті Құран нұсқасы музейге шамамен 60–70 жыл бұрын табысталған екен.
«Музей қызметкері А.Попов қасиетті кітапшаны шамамен 1950–1960 жылдар аралығында қорға өткізген екен. Бір қызығы, металдан жасалған қорапшаға салынған жинақ ішіндегі Құран аяттары араб тілінде қолмен жазылған. Қасиетті кітап салынған қорапшаның түсі ақшыл-сары. Оның беті түрлі өсімдікке ұқсас ою-өрнекпен безендірілген», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Лаура Байтұрсынова.
Бір қызығы, өңірдегі музейлердің біразында көне заманнан жеткен Құран кітаптары сақталған. Тұрғындардың қолымен табысталған қасиетті кітаптардың өзіне тән тарихы да бар. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған бұл жинақ көлемінің шағын болуымен ерекшеленіп тұр.
«Осы кітапты табыстаған А.Попов уақытында облыстық-тарихи өлкетану музейінде қызмет еткен екен. Дерекке жүгінсек, қасиетті кітап А.Поповтың досына тиесілі болған. Досы өмірден өткеннен кейін Құран аяттары жазылған шағын жинақ музей қызметкерінің қолына түскен. Ол бұл құндылықты музей қорына табыстау туралы шешім қабылдаған», дейді музей қызметкері.
«Құран-тұмар» деп аталатын жәдігер сыртындағы металдан жасалған қорапша айтарлықтай көнергені байқалып тұр. Сыртқы бұйымның қай жылы немесе қай ғасырда жасалғанын нақты айту қиын. Әйтсе де, мамандар металдың айтарлықтай ескіргенін ескеріп, «Құран-тұмар» жәдігерінің кем дегенде бір ғасыр бұрын жасалғанын алға тартып отыр.
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ
ТАРАЗ