Сұрақ: Қолда барды бөлісу сүннет пе?
Жауап: Бүгінде қоғамда адам өзінің жеке басын ғана ойлау әрекеті кеңінен етек алып бара жатқанын байқаймыз. Жеке пайданы басқалардың мүддесінен жоғары қоюды үйрететін нарық өзінің дегенін істетуде. Алайда имандылық жолына түсіп, «обал» мен «сауапты» үйреніп, мешітке барып тұратын жастарымыз да жоқ емес.
Осындай дүниесі мен ақыретін тең ұстауды меңгергісі келетін жастарымыздың көп болғаны құптарлық. Себебі қоғамда жеке бас пайдасын ойлағаннан гөрі көмекке мұқтаж жандарға да жәрдем беру – адамшылық. Ислам басқаға жәрдем берудің өзі сауапты іс екенін алға тартады.
Жәбир есімді сахаба: «Мен үйдің көлеңкесінде отырған едім, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өтіп бара жатып, мені ишаратпен шақырды. Қасына бардым, қолымнан ұстап, өзімен үйіне ертіп кетті. Зейнеп бинт Жахш немесе Сәлманың (Алла ол екеуіне разы болсын) ауласына келіп, ішке кірді. (Анамыз) үстіне жаулығын жамылып менің кіруіме рұқсат берді. Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Тіске басар не бар? – деді.
– Үш үзімдей арпа наны бар, – деп шығарып қойды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып, бір үзімін алдына, екіншісін менің алдыма қойды. Үшінші үзімін ортасынан бөліп, жартысын өзі, екінші жартысын маған берді», – деген риуаятты жеткізген.
Жоғарыдағы оқиғадан көргендей оқырман жастарға айтарымыз, «барымен басқалармен бөлісу ердің ісі» десек артық болмас.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ