Сұрақ: Түшкіру айып па?
Жауап: Жалпы түшкіру, жөтелу, т.б. табиғи амалдардың қатарына жатады. Ал енді оларды жаратылыс заңы деп көрінген жерде дауыстап түшкіру, жөтелу адамның өзін немесе қасындағы азаматтарды ыңғайсыз жағдайларға қалдыру ықтималы бар. Дегенмен адам тұрған бойда өзі түшкіруді немесе жөтелді сұрап алмасы анық. Әдетте мұндай кездерде адам өзінің жағдайына сәйкес дауысты басуға, оқшаулануға немесе сыртқа шығып кетуге ыңғай танытады.
Исламда адамның өмірін толықтай қамтыған әдептілік нормалары бар. Бұл ережелер адамды шыр етіп дүниеге келгеннен ақтық сапарға кеткенше бір елі тастамайды. Сол сияқты түшкіру мәселесінде де пайғамбардың көрсетіп кеткен сүннет амалы бар. Бұған қатысты Әбу Һүрайра (р.а.): «Пайғамбарымыз түшкірген кезде қолымен және киімінің бір ұшымен аузын көлегейлейтін және даусын бәсеңдетуге тырысатын» (Әбу Дәуіт).
Пайғамбардың бұлай жасауының бірнеше хикметі бар. Мысалы, түшкірген адам науқас болуы мүмкін. Оның тұмауы қасындағы адамдарға (сәби, балақай немесе қария және т.б.) жұғуы ықтимал; түшкірген уақытта түкірік қасындағы адамға тиіп жиіркеніш тудырады; адамның ауызынан жағымсыз иіс шығуы мүмкін және т.б. Исламдағы әдеп нормаларының әрбірінің өз хикметі бар.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ