Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының “Зекет” корпоративтік қоры көмекке мұқтаж жандарға қалай көмек беріп жатқандығын білу үшін KAZISLAM порталы қордың директоры Талғат Омаровпен әңгімелесті.
– Талғат мырза, карантин кезінде жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Елімізде жарияланған төтенше жағдай барлық салаларға қатты әсер тигізгені анық. Біраз адам жұмыстарынан айырылып, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті жабдықтар мен азық-түліксіз қалып қойды. Еліміз үшін осындай қиын сәтте біз мұқтаж жандарға барынша көмек қолын созуға тырысудамыз. Қызметіміз тоқтаған жоқ. Өңірлердегі Зекет өкілдерімен бұрынғыша қашықтықтан жұмыс істеп жатырмыз. Айта кетсек, Зекет қорының республика бойынша 17 өкілдігі бар. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы Зекет қорының бас кеңсе қызметкерлері өкілдердің жұмыстарына бағыт-бағдар беріп, есептемелерін уақытылы алып тұруда.
Осы Рамазан айының алдында өкілдермен онлайн жиналыс өткізген болатынбыз. Төтенше жағдайға байланысты өзгерістер ескеріліп, арнайы тапсырмалар берілді.
Ал карантинге дейін жалпы діни басқармаға қарасты «Зекет» қоры зекет пен садақаларды қабылдап, оны шариғат үкімдеріне сай таратумен айналысады. Республика бойынша қайырымдылық іс-шаралар атқарудамыз. 2019 жылы жәрдем берілген отбасылардың саны 73 мыңнан асты.
Сонымен қатар ел аумағындағы ең ауқымды «Ел үлесі – пәтерге» жобасының аясында тек 2019 жылы 117 баспананың кілті мұқтаж отбасыларға табысталса, бүгінде ол сан 193-ке жетті.
Жыл бойы іске асырылатын «Тайқазан» жобасы аясында 23 975 отбасыға азық-түлікпен көмек берілді.
Ауыр дертке шалдыққан балаларға «Үміт сыйла сәбиге» жобасы бойынша көмек беруге тырысамыз. «Алтын құрсақты батыр анаға тосын сый», «Мұқтаждың мұңын бөліс», «Жақсылықта жарысайық», «Жетім көрсең жебей жүр», «Мектепке жол», «Жылулық сыйла» сияқты жобалар төтенше жағдай аяқталған соң алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген үміттеміз.
– «Ел үлесі пәтерге» жобасы туралы толығырақ айтып кетсеңіз?
– Біздің ең ауқымды жобаларымыздың бірі «Ел үлесі пәтерге» жобасы – «Зекет» қорының және халықтың мұқтаж жандар өміріне қосқан үлесі. Жобаның мақсаты – қордың базасына тіркелген мұқтаж жандардың арасынан арнайы комиссия мүшелері арқылы іріктеліп алынған отбасыға көпшіліктің көмегі арқылы пәтер алып беру. Олардың арасында көпбалалы жалғызбасты аналар, мүгедек жандар мен жетім-жесірлер бар.
Тек 2019 жылы 117 баспана кілтін әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға табыстадық. Қазіргі таңда жалпы 193 отбасыны өз баспаналарымен қуанттық. Биыл ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай 30 мұқтаж отбасыға және 30 әлеуметтік ахуалы төмен дін қызметкерлеріне баспана беруді қолға алдық. Біз бұл санмен шектеліп қалмай, барынша көп мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз етуге тырысамыз.
Осындай ортақ іс бір-бірімізді игі шараға үгіттеп, қолдап, түсінушілік танытуға жетелейді. Бұл қолдау әрбір жанды жақсылыққа шақырып, қоғамда ерекше орынға ие болатын азаматтық позицияны айқындайды.
– Ал қазір еліміздің басына қиын іс түскенде сіздердің ұжым қандай қайырымдылық шараларды жүзеге асырып жатыр?
– Иә, шынымен қазір қиын кезді бастан кешудеміз. Адамдар жұмыстарынан, табыс көздерінен айырылып қиналып жатқандардың саны артуда. Оны бізге лег-легімен түсіп жатқан өтініштерден байқадық. Осындай қиын кезде біз қайырымдылық қор ретінде барынша көмек беруге тырысудамыз.
Мысалы, «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық керуенін айтуға болады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зекет» қоры республика бойынша мыңдаған мұқтаж отбасыларға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік таратты. Ең бірінші карантинге жабылған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына өңірлерден арнайы қайырымдылық керуендері жеткізілді.
Бұл іс-шараға Зекет өкілдері мен өкіл имамдар толығымен ат салысты. Осындай қиын-қыстау заманда өкіл имамдар және Зекет өкілдері жамағатпен бірігіп, ауқымды қайырымдылық шаралар жасағанын ерекше атап өткім келеді, өз басым оларға үлкен алғыс айтамын. Ат салысқан барлық азаматтарға Алла разы болсын!
Сонымен қатар, қасиетті Рамазан айының әр күнінде мұқтаж жандарға қуаныш сыйлауға бағытталған «Нығметке толы 30 күн» атты жоба жұмыс істеуде. Бұл жоба аясында мұқтаж жандардың пәтерақыларын төлеп, үйлеріне азық-түлік, ет, балаларға базарлық апарып қуантуға тырысамыз.
Бұдан бөлек «Берекелі нан» жобасы аясында дүкендерге тегін нан сөрелерін орналастырып, оларды уақытылы толтырып тұрамыз.
– Сонда көмекке мұқтаж жандарды қалай анықтайсыздар?
– Көмекке мұқтаж жандар қор офисіне келіп өтініш жазады. Өтінішпен қоса қажетті құжаттарының көшірмелерін тапсырады. Кейін қор қызметкерлерінен болған арнайы комиссия өтініштерді іріктеп, қажет болған жағдайда үйлеріне барып жағдайларын көріп қайтады.
Ал қазіргі төтенше жағдайға байланысты өтініштерді онлайн қабылдау мүмкіндігін іске қостық. Электронды құжат қордың ресми www.zeket.online сайты арқылы қабылданады. Көмекке мұқтаж болған адам сайтқа кіріп, анкета толтырады. Берілген деректер қор базасында сақталып, пайдаланушы кезек тізіміне енгізіледі. Кейін қабылданған өтініштер сараланып, жіберушінің мекен-жайына қарай «Зекет» қорының өңірлердегі өкілдеріне жіберіледі.
– Қазіргі кезде халық зекетті, садақаны онлайн түрде беріп жатыр. Жалпы бұл ыңғайсыздық тудырмады ма?
– Еліміздегі төтенше жағдай экономикалық жағынан кәсіпкерлерге де, қарапайым жамағатқа да соққы бергені анық. Сонымен қатар күнделікті тұрмыс-тіршілікке де қатты әсерін тигізгенін көріп отырмыз. Біздің қайырымдылық істерге, зекет жинау-тарату жұмыстарымызға да едәуір соққы болды. Дегенмен, «Зекет» қоры садақа және зекет берудің оңтайлы жолдарын осыдан бірнеше жыл бұрын бір ізге қойған болатын.
«Зекет» қорының басты принциптерінің бірі – ашықтық. Сол себепті де, қаражат ағымы барынша қаржылай мөлдірлікке сай болу мақсатында жұмыс жасаудамыз. Қордың зекетке және садақаға арналған есеп-шоттары бар. Келіп түскен қаражатты қадағалап, ашықтықты көздегендіктен, онлайн садақа жасау және онлайн зекет төлеу жүйелерін іске қосылған және қазіргі төтенше жағдай кезінде осы салаға басымдылық берілуде.
Мысалы, арнайы Zeket мобильді қосымшасы арқылы, Kaspi.kz қосымшасы немесе зекеттің ресми сайты арқылы онлайн садақа жасау, зекет беру тәсілдері бар.
Сонымен қатар «Зекет» қорының электрондық баннерлері Qiwi терминалдарында орналасқан болатын. Алайда елімізде төтенше жағдай жарияланып, көп жерде карантин ережелері іске қосылғандықтан, садақа беру де осы күндері бірнеше есе күрт төмендеп кеткені шыңдық. Дей тұрғанмен, еліміздегі жағдай тұрақталғанда, ісіміз қайтадан бірізділікке түсіп, жобаларымыз өз жалғасын табады деген сенімдеміз.
– Талғат мырза, бұл атқарылған іс-шараларды кеңірек насихаттау керек сияқты. Қарапайым халыққа ақпаратты жеткізу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– «Зекет» қорының насихат жоспарына сай әр өкілдік жергілікті теле-радио каналдарына жүйелі түрде сұхбаттар беріп отырамыз. Сондай-ақ газет-журналдарға мақалалар жарияланып тұрады. Қандай да бір ауқымды іс-шара ұйымдастырылатын болса, телеарна журналистерін шақырып, жаңалықтарға жариялап тұрады. Қазіргі медиа сала өркендеп тұрған заманда бұқара ақпарат құралдарымен байланыс жүргізу аса маңызды. Сол себепті, біз журналистердің біздің қорға қатысты сұрақтарына жауап беруге әрдайым ашықпыз әрі дайынбыз.
– Әңгімеңізге рақмет!