Сұрақ: Қияметте Құран шапағатшы бола ма?
Жауап: Құран Кәрімнің көптеген қасиеті бар. Солардың бірін мына хадистен байқаймыз.
Ибн Масуд (р.а.): «Егер білімді қаласаңдар, онда Құранды оқыңдар. Күмәнсіз, оның ішінде бұрынғылар мен кейінгілердің білімі бар», – деп айтқан.
Ән-Науас ибн Сумған (р.а.): «Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Қиямет күнінде Құран мен оның жұрты және дүниеде онымен амал қылған адамдар алып келінеді. Сонда «Бақара» мен «Әли Имран» сүрелері оларға араша түседі, – деп айтқанын есіттім» деген риуаятты жеткізеді (Мүслім).
Ұрыстардың бірінде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы бір орынға шатырын тігеді. Шатырда жатып, жер астынан: «Бүкіл билік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші», – деген Құран оқушының дауысын естиді. Ол дереу Алланың елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:
– Мен жер астынан «Бүкіл билік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші», – деп Құран оқыған адамның дауысын есіттім, – дейді.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:
– Ол сол қабір иесінің дауысы. Оның «Мүлік» сүресін оқуының себебі, бұл сүре адамды Алланың азабынан сақтайды, – деп жауап береді.
Демек, жоғарыдағы риуаяттардан көргендей, Құран расында да өзіне жақын болған адамдар үшін шапағатшы болады екен.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ