Бірде бір сахаба пайғамбарымыздан (Ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын):
– Уа, Алланың Елшісі, қиямет күні қашан болады?-деп сұрайды. Пайғамбарымыз одан:
– Сен ол күнге не дайындадың?-деп сұрағанда, әлгі сахаба:
– Мен ол күнге Аллаға және Оның пайғамбарына деген махаббатымды дайындадым»,-деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі: «Ендеше, сен сол күні өзіңнің жақсы көргендеріңмен бірге боласың»,- деді.
Иә, шын мәнінде, біз кімді қатты жақсы көрсек, қиямет күні сол адаммен бірге болады екенбіз. Ол күні пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) шапағат ету құқы беріледі. Ендеше Мұхаммед пайғамбарымызды бүкіл жаратылыстан артық жақсы көрсек, Алла қаласа ақыретте пайғамбарымыздың жанында болады екенбіз.
Әлемнің ардақтысы болған пайғамбарымызды жақсы көру тек тілмен айтумен ғана шектелмей, ардақты сахабалар секілді іс жүзінде де дәлелдей білуіміз керек.
Құранда Алла Тағала: «Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла тағала сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де»,-деген «Әли имран» сүресі, 31-аятында. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бір хадисінде: «Жаным қолында болғанмен ант етемін! Мені өздеріңнен де ата-аналарыңнан да, жанұяларыңнан да және дүниедегі бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше, сендердің ешқайсыларың иман келтірген болмайсыңдар»,-деген.
Хазреті пайғамбарымызды жақсы көрудің жолы немесе оған деген махаббатты оятудың бірден бір жолы оның өнегелі өмірін оқып білу, өзгелерге жеткізу. Көркем мінездің бүкіл қасиеті бойына дарыған пайғамбарымыздың ғибратқа толы ғұмыры кімге де болса үлкен сабақ болары ақиқат.
Өйткені ол;
Кіршіксіз таза өмір жолын кешкен.
Ұлы Алланың тәрбиесінде болған ардақты жан.
Айша анамыз «Оның мінезі Құран болатын»,-деген.
Үлкенге құрмет, кішіге кішіпейілділік танытқан.
Кесірін тигізгендерге де кешіріммен қараған.
Зұлымдық жасағандарға жақсылық жасаған.
Жетім, жесірге қамқор болып, кедей-кепшікпен бірге отырған.
Үй ішінде өз киімін өзі жамап, аяқ киімін өзі жөндеп, ешкі де сауатын.
Әрдайым науқастарды зиярат етіп, олардың көңілін сұрайтын.
Көршілерімен тату болатын.
Қарапайымдылықты ұстанатын.
Өзін басқалардан бөлектегенді ұнатпайтын.
Адамдар арасында ең жомарты, ең батылы, тек туралықты сөйлейтін шыншыл, әрі ең әділі болатын.
Түн жарымда тұрып яқтары ісіп кеткенге дейін намаз оқитын.
Иә, расында ардақты пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) туралы жаза беретін немесе айта беретін болсақ, әлі де көп нәрсе жазуға да, айтуға да болар еді. Ең бастысы оның ғибратқа толы өмірінен сабақ алып, әмірлері мен өсиеттерін іске асырсақ болғаны! Сонда ғана оған (Ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) деген жақсы көру махаббатымызды дәлелдей аламыз.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ