2016 жылы еліміз аумағында бұрын-соңғы болмаған бірнеше жантүршігерлік терактінің орын алуы тек әлемде ғана емес, өз жерімізде де терроризм мен экстремизм қаупі шектен шыққанын көрсетті. Бұл еліміздің терроризмге қарсы күрес шаралары жүйесіне өзгерістер енгізуді талап етті. Нәтижесінде Ішкі істер министрлігі криминалды полиция комитетінің құрамындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес қызметі Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті болып қайта құрылды. Біз осы департамент басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Дархан Разуевпен сұхбат барысында елімізде терроризм мен экстремизм қаупі қанншалықты бар екенін білдік.
– Елімізде терроризм қаупі бар ма? Сіздердің департаменттеріңіз қандай жұмыс атқарып жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарына экстремизм мен әсіре діншілдікпен ымырасыз күрес жүргізу бойынша тапсырма бергені белгілі. Ол ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесу жайында айта келе: «Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс» деді.
Терроризм мен экстремизмге, соның ішінде діни сипаттағы аталған келеңсіздіктерге қарсы күрес – мемлекет алдында тұрған басым міндеттің бірі. Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына сызатын түсіретін заман қасіретіне қарсы бағытталған шаралардың мемлекеттік жүйесін Ұлттық қауіпсіздік комитеті үйлестіретін болса, Ішкі істер министрлігі күштік құрылым ретінде соның құрамында өз құзыреті шегіндегі қызметтерін жүзеге асырады.
Терроризм мен экстремизм көріністеріне қарсы күресте ІІМ-нің бірнеше жұмыс бағыты бар. Соның бірі – түсіндіру іс-шаралары болса, екіншісі – алдын алу жұмыстары. Атап айтқанда, экстремистік, террористік қылмыстарға әкеп соғатын қатерлерді уақытылы анықтау, жолын кесу, болдырмау, тәуекел топтармен жұмыс жүргізу, радикал немесе экстремизмге бейім адамдарды анықтау. Үшінші міндет – ішкі істер органдары бөліністерінің терроризм мен экстремизм көріністеріне қарсы әрекет ету дайындығын жоғары ұстап тұру үшін түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысу. Төртіншісі – террористік тұрғыдан осал нысандар, яғни адам көп шоғырланатын сауда үйлері, әуежай, вокзал, стратегиялық ғимарат секілді орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда елімізде террористік және экстремистік қылмыстардың өсу динамикасы байқалмағанымен, бұл қол қусырып қарап отыруға себеп емес. Өйткені ішкі тұрақтылығымыз бен қауіпсіздігіміздің тұнығын лайлауы мүмкін қауіп-қатерлер әлі де сейілген жоқ. Біз террористік және экстремистік қылмыстардың жасалуына түрткі болуы мүмкін қатерлерді жіті назарда ұстауымыз керек. Айналадағы көршілес елдерде болып жатқан саяси дағдарыстар осыған итермелейді. Ауғанстандағы жағдай, Сирия мен Ирак ахуалы, т.б. біздің ішкі жағдайымызға әсер етеді. Бұл – сыртқы факторлар. Сонымен қатар ішкі факторлар да бар. Елімізде деструктивті діни ағымдар, діни көзқарасы бұрмаланған адамдар мен топтар жетерлік. Біз осы жағдайдың бәрін жіті қадағалап, ең алдымен халық арасында түсіндіру және қылмыстардың алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Өзіңіз көріп отырғандай, жалпы террористік және экстремистік қауіп-қатер дінмен байланысты болып келеді. Өйткені қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша мұндай қылмыстар көбінесе діннің атын жамылып жасалынады. Бұған діннің өзі кінәлі емес, сол діннің қағидаларын бұрмалап, өздерінің мүдделері үшін теріс мақсатта пайдаланатын қылмыскерлер кінәлі екенін түсінуіміз керек.
– Қазір елімізде қандай қылмыстар тіркеліп жатыр?
– Құқық қорғау органдарының тиімді алдын алу іс-шараларының арқасында елде аса ауыр террористік қылмыстардың алды алынып келеді. Негізінен терроризм идеологиясын насихаттау, террористік әрекеттерге шақыру, діни алауыздықты қоздыру, дінаралық өшпенділікті тұтату секілді құқыққа қайшы әрекеттер көп тіркеледі. Атап айтқанда, биылдың өзінде радикалды әрекеттері үшін 35 адам ұсталып, олардың 13-і сотталды. Соның бірі – Түркістан облысында ДАИШ халықаралық террористік ұйымының қызметін белсенді қолдағаны және оның идеологиясын насихаттағаны үшін Тәжікстан азаматы құрықталды. Біз басқа дінге сенушілерге немесе сенбейтіндерге қарсы дінді жамылып пайдакүнемдік пен зорлық-зомбылық қылмыстарын жасайтын діни радикалдарды да анықтаймыз. Олар көбінесе ақша бопсалаумен, адам тонаумен, алаяқтықпен айналысады. Жыл басынан бері осындай 264 қылмыс ашылып, 247 адам ұсталды, олардан 42 қару оқ-дәрісімен бірге тәркіленді. Кей жағдайда мұндай радикалдар тұрақты топ ретінде әрекет етеді. Биыл осындай 18 қылмыстық-радикалды топ жойылды. Мысалы, Ақтөбе облысында 4 криминалды радикалдан тұратын топ кәсіпкерден 4 млн теңге қаражат пен автокөлікті бопсалаған. Ұсталған кезде олардан қару-жарақ тәркіленді.
2017 жылғы 1 қаңтардан бастап «Терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде ішкі істер органдарына террористік-экстремистік қылмыстардың төрт түрін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі өкілеттіктер берген заңнамалық түзетулер күшіне енді. Яғни, Қылмыстық кодекстің 255-бабының 1, 2-бөлімдері (терроризм актісі, егер ол қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру мақсатында, бірнеше рет қару, жарылғыш заттар немесе жарылғыш құрылғылар қолданылып жасалған болса); 256-бабы (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру); 258-бабы (террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік) және 259-бабы (террористік немесе экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру) бойынша тәртіп сақшылары ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірге балама тергеу әрекеттерін жүргізеді. Бұл өзгерістер қылмыс орын алған жағдайда кінәлі адамдарды тезірек анықтап, құрықтауға, жедел іс қозғауға бағытталған тиімді шешім болды.
– Терроризм мен экстремизм идеялары қазір қандай жолдармен тарайды?
– Бұрын терроризм мен экстремизм идеялары, теріс діни ағым идеологиясы көшеде, мешіттер маңайында, үй-үйді аралап жүріп таратылатын болса, қазір интернет арқылы онлайн насихаттау белең алып отыр. Әсіресе, интернет-ресурстар арқылы шетелдік халықаралық террористік ұйымдар медиа орталықтары мен радикалды уағызшылардың бейне немесе мәтіндік файлдарын жіберу арқылы жүзеге асырылады. Әлемде жүріп жатқан цифрландыру үрдісі радикалдар үшін де қолайлы жолдарды ашып берді. Енді олар шетелде отырып-ақ кез келген елдегі жақтастарын қашықтан көбейтуге мүмкіндік алып отыр. Сол арқылы терроризмді насихаттап, әсіресе жастарды өз қатарларына азғырып шақыруды жалғастырып жатыр. Қазір көбінесе әлеуметтік желілер мен месаенджерлердегі жабық чаттар мен арналар негізгі үгіт-насихат алаңдары болып отыр.
Интернеттегі радикалды идеологияны насихаттауға қарсы 2017 жылы іске қосылған «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінің арқасында электрондық БАҚ, отандық және шетелдік интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жасалып тұрады. Жыл сайын осы жүйеге мүдделі мемлекеттік органдар экстремизм мен терроризм белгілерін қамтитын 35 мыңнан астам материал енгізеді. Радикалды идеяларды сырттан экспорттау қаупі артып келеді. Халықаралық террористік ұйымдар елімізді экстремизм идеологиясын одан әрі тарату, қолдаушыларды тарту, сондай-ақ содырлардың транзиті үшін алаң ретінде қарастырады. Негізгі сыртқы фактордың бірі – Ауғанстандағы террористік әлеует. Бұл ел халықаралық террористік топтар үшін тартымдылық орталығы болып отыр. Осыған орай соңғы он жылда терроризм мен экстремизмнің профилактикасы бойынша екі мемлекеттік бағдарлама (2013-2017ж.; 2018-2022ж.) іске асырылды. Өткен жылы Үкімет үш жылға (2023-2025 жылдар) арналған кезекті кешенді жоспарды бекітті. Заңға қайшы көріністерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік беретін заңнамалық база қалыптастырылды. Бүгінгі таңда елімізде 25 террористік және экстремистік ұйымның қызметіне сот тыйым салды.
– Қазір осы аталған баптар бойынша қанша адам жазасын өтеп жатыр? Олар басқа сотталғандардан бөлек ұстала ма?
– Қазіргі таңда еліміздің абақтыларында террористік және экстремистік қылмыстары үшін сотталған 300-ден астам адам жазаларын өтеп жатыр. Олардың қатарында «Жусан» операциясымен шетелден елге әкелінгендер, өзге мемлекеттер аумағындағы террористік қақтығыстарға қатысу үшін шекарадан шығу кезінде құрықталғандар, т.б. бар. Мұндай адамдар абақтыда өзге сотталғандарға өздерінің теріс діни идеологиясын жұқтырмауы үшін тұрақты алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Олар жалпы сотталғандармен бір мекемеде отырады, алайда радикалды пиғылынан қайтпағандар оқшауланған бөлек камерада ұсталынады. Дегенмен жазасын өтеп жүріп те террористік-экстремистік қылмыс жасауға талпынатын сотталғандар анықталып жатыр.
Таяу күндері ғана біз ҰҚК-мен бірлесіп, Алматы, Қостанай және Жетісу облыстарының қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 10 радикалды діни идеология жақтасы әрекетінің жолын кестік. Олардың бірі абақтыда отырып террорлық акт жасауға әзірленгені, ал басқалары террорлық әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында адамдарды өз қатарларына тартумен айналысқаны белгілі болып отыр. Түрмелердің ішін тінту барысында олардан суық қару, смартфондар мен басқа да заттай дәлелдер тәркіленді.
Жалпы Қылмыстық кодексте террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілікті көздейтін 25 бап бар. Жаңа қауіптердің пайда болуын ескере отырып, соңғы он жылда мұндай қылмыстардың тізімі кеңейтілді. Сондай-ақ бұлардың бәрі де ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Айта кетсек, террористік және экстремистік қылмыс жасағандарға аталған баптар бойынша 3 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал аса ауыр қылмыс жасағандар өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі де мүмкін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ